Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Заңгер болу – әділет жолын таңдау» атты ашық есік күні өтті.Farabi University

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Заңгер болу – әділет жолын таңдау» атты ашық есік күні өтті.

18 ақпан, 2026

2026 жылы 18 ақпанда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Заңгер болу – әділет жолын таңдау» атты Ашық есік күні жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Іс-шараның мақсаты – мектеп оқушыларына заң мамандығының ерекшеліктерін таныстыру, кәсіби бағдар беру және университеттің білім беру мүмкіндіктерін насихаттау болды. Іс-шараны заң факультетінің кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасы ұйымдастырды.

Аталған іс-шараға Алматы облысы білім басқармасының Қарасай ауданы бойынша білім бөліміне қарасты “Л.Н.Толстой атындағы орта мектебі” коммуналдық мемлекеттік мекемесінің делегациясы қатысты. Делегация құрамында директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Рыспанбектов Нұрақын Қалдыбайұлы, директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Марипов Рахымжан Абдуллаевич және жоғары сынып оқушылары болды.

Сонымен қатар №200 мектеп-гимназия, №207 мектеп-лицей,174 мектеп-гимназия және №138 мектеп-гимназия оқушылары да белсенді түрде қатысып, университет тыныс-тіршілігімен танысты.

Іс-шара барысында заң факультетінің деканы, профессор Ахатов Уалихан Ақыпбекұлы құттықтау сөз сөйлеп, факультеттің білім беру бағдарламалары, ғылыми жетістіктері мен халықаралық байланыстары туралы баяндады. Сондай-ақ кеден, қаржы және экологиялық құқық кафедрасының меңгерушісі, заң ғылымдарының докторы, профессор Куаналиева Гульдана Амангелдіқызы талапкерлерге құқық саласының заманауи бағыттары жөнінде кеңінен ақпарат берді.

Кездесуде құқық ғылымының дамуына зор үлес қосқан ғалым Байдельдиновтің ғылыми мектебі мен құқықтық зерттеулердегі орны да атап өтілді.

Іс-шара аясында кафедраның қайта жабдықталған, заманауи талаптарға сай аудиторияларының тұсаукесері өтті. Оқушылар интерактивті құралдармен жабдықталған дәрісханалармен танысты.

Сонымен бірге қонақтар университеттің суперкомпьютерлік орталығында, ғылыми кітапханасында және мұражайында болып, заманауи ғылыми инфрақұрылыммен және университет тарихымен танысты.

Ашық есік күні оқушылардың құқық саласына деген қызығушылығын арттырып, болашақ мамандық таңдауда маңызды қадам жасауына ықпал етті.