Үш Бәйтерек және Мұқағали: поэтикалық сабақтастықFarabi University

Үш Бәйтерек және Мұқағали: поэтикалық сабақтастық

20 ақпан, 2026

Фараби университеті жанындағы Абай ғылыми-зерттеу институты базасындағы  ӘУЕЗОВ ӘДЕБИ БІРЛЕСТІГІНІҢ ұйымдастыруымен «ҮШ БӘЙТЕРЕК және МҰҚАҒАЛИ» атты жалпыуниверситеттік әдеби-танымдық кеш  өтті.  

Кеш С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлиннің 132 жылдығы мен Мұқағалидың 95 жылдығына арналды. Шараның алғашқы минуттарында төрт ақынның рухына тағзым ретінде бір минут үнсіздік жарияланды. Кіріспе сөз алған  Әуезов әдеби бірлестігінің жетекшісі,филология ғылымдарының кандидаты Ләйла Мұсалы үш  бәйтерек С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, Б.Майлин және М.Мақатаев арасындағы дәстүр  сабақтастық мәселесіне тоқталып, танымдық кештің мақсатын атап өтті. Әділетті Қазақстанның болашақ адал азаматтарына тарихтың ащы сабақтарын ұмытпау керектігін айтып, 1938 жылы 26 ақпанда Үш бәйтеректің жазықсыз атылған күні екенін еске салды.

Кеш қонақтарының қатарында   Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын,  аудармашы Төрегелді Тұяқбай, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын,  Халықаралық Алаш әдеби сыйлығының лауреаты Болат Үсенбаев,  Қазақстан Жазушылар және Журналистер Одағының мүшесі Ғабдул-Сәбит Юсупов, ардагер ұстаз Бану Исмагулова, Фараби кітапханасының директоры Жадыра Әрекенова т.б. қызметкерлер, ғалымдар: ҚазҰУ-дың механико-математика факультетінің профессоры Болат  Әбенов, ҚазҰУ-дың Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының аға оқытушысы, үндітанушы, тарих бойынша PhD докторы Сымбат Исмагулова, филология факультеті ғалымдары Шоқан Амангелдіұлы, Ерхан Карбозұл, ҚазҰУ-дың барлық факультеттері декандарының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасарлары қатысты.

       «ҮШ БӘЙТЕРЕК және рухани сабақтастық» деп аталған кештің 1 -бөлімінде, «Мұқағали әлемі» атты 2-бөлімінде жастардың әдеби-сазды шығармашылығына орын берілді. ҚазҰУ-дың филология, шығыстану, ақпараттық технологиялар, журналистика, биология факультеттерінің дарынды, өнерпаз, алғыр студент жастары сахнаны әсерлі әуен мен ғажап поэзия сәттеріне бөледі.  Олардың  қатарында  Тлек Нұрхожа, Наламбаев Айбар, Құлахмет Елсияр, Өміртайұлы Хақназар Сезімхан Сырымбет, Қайратұлы Абылай, Тұрсынхан Мағжан, Абай Ұлжан, Қосқұлақ Жарас, Құрманалина Інжу, Нагашыбаев Айбар, Қасымхан Дархан, «СУР САЗ» ансамблінің мүшелері Рахат, Сырым, Азима, Айбек, Азима, Аружан, Нұриза, Айзере, сондай-ақ, Монғолиядан келген Хайрат, Арайлым  сияқты әдебиет сүйер жастар болды. Сәкеннің «Тау ішінде» әні, «Бақыт деген немене» атты Мұқағали шығармашылығынан мюзикл, «Көшеді өлең» атты поэтикалық қойылым, Мұқағали өлеңдері француз тілінде, монғол тілінде оқылды.

Модераторлар  –  Әуезов бірлестігі мүшелері  Бағжан Тұрғанбек пен Айару Данияр кеш бағдарламасын қызықты жүргізді.  «Ашық микрофон» бөлімінде ақындардың шығармашылығы мен өмір жолына қатысты сұрақтар берілді. Қорытынды сөз алған  Абай ҒЗИ профессоры, ақын Төрегелді Тұяқбай, ақын Болат Үсенбаев, Ғабдул-Сәбит Юсупов жастарға ризашылығын білдіріп, ақ батасын берді.

       Туған әдебиеттің рухын асқақтатып, қазақ поэзиясының алыптарын еске алу мақсатында өткен мазмұнды да әсерлі бұл кеш студент жастар үшін ұлттық құндылықтарды ұқтырып, өз тарихына үңілуге жетеледі.