Танымал қазақстандық ихтиолог Надир Мамиловтың мерейтойыFarabi University
Референдум 15 марта

Танымал қазақстандық ихтиолог Надир Мамиловтың мерейтойы

23 ақпан, 2026

2026 жылғы 22 ақпанда белгілі қазақстандық ихтиолог-ғалым, биология ғылымдарының кандидаты, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті зоология, гистология және цитология кафедрасының қауымдастырылған профессоры Надир Шамилевич Мамилов 60 жасқа толды.

Надир Шамилевич 1966 жылы 22 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. 1983 жылы №54 орта мектепті тәмамдап, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті биология факультетіне оқуға түсті. 1990 жылы зоология және ихтиология кафедрасын бітіріп, еңбек жолын осы кафедрада аға лаборант қызметінен бастады. Кейін ассистенттен бастап қауымдастырылған профессорға дейінгі кәсіби жолдан өтті.

1991–1992 жылдары ғалым М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті Биотехнология орталығында және А.Н. Белозерский атындағы физика-химиялық биология институты тағылымдамадан өтті. 1992–1995 жылдары ҚазҰУ аспирантурасын аяқтап, 1997 жылы «Зоология» мамандығы бойынша кандидаттық диссертациясын қорғады. 2017 жылы оған қауымдастырылған профессор ғылыми атағы берілді.

Надир Шамилевич – 100-ден астам ғылыми еңбектің авторы және қосалқы авторы. Оның ішінде 2016 жылы CRC Press баспасынан шыққан Biology of Perch атты шетелдік монографияда тарауы жарияланған. Қазақстанда жарық көрген екі монографиясы мен төрт оқу құралы бар. Соңғы үш жылда 25 ғылыми мақала жариялап, оның 21-і Scopus деректер базасына енген. Ғалымның Хирш индексі – 8.

2003–2017 жылдары ол «Биология және биотехнология мәселелері ғылыми-зерттеу институты» жобаларының жетекшісі болды. Ғалымның зерттеулері Қазақстанның тұщы су ихтиофаунасын зерттеу және биоалуантүрлілікті сақтау бағытында (ТДМ 14-15) ерекше маңызға ие.

Ұстаздық қызметі де жоғары бағаланып, оған «Жоғары оқу орнының үздік оқытушысы – 2019» атағы берілді. Оның ғылыми жетекшілігімен 3 кандидаттық және 4 PhD докторлық диссертация қорғалды, тағы бір PhD диссертация алдын ала қорғауға дайындалған. Қазіргі уақытта ол «8D05102 – Биология» білім беру бағдарламасы бойынша 3 PhD докторантқа жетекшілік етеді.

Надир Шамилевич – Қазақстан Республикасы Үкіметі жанындағы «Адам және биосфера» Қазақстандық комитетінің мүшесі, IUCN тұщы су балықтарының алуан түрлілігін сақтау жөніндегі сарапшысы, сондай-ақ «ҚазҰУ хабаршысы. Экологиялық серия» журналының редакциялық алқа мүшесі.

Ғалымның 60 жылдық мерейтойына орай кафедрада салтанатты мәжіліс өткізіліп, әріптестері, шәкірттері және факультет басшылығы оның ғылым мен білім саласына қосқан зор үлесін атап өтті. Шара барысында Надир Шамилевичке әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің «Ерен еңбегі үшін» медалі табысталды.

Биология және биотехнология факультетінің ұжымы, әріптестері мен шәкірттері мерейтой иесін шын жүректен құттықтап, зор денсаулық, отбасылық амандық, жаңа ғылыми табыстар мен толағай жетістіктер тілейді.

 

 

Зоология, гистология және цитология кафедрасының меңгерушісі

Кегенова Г.Б.

#SDG #SustainableDevelopment #KazNU #SDG_KazNU #SustainableKazNU