Көшбасшылық және сапа: Газиза Омаровамен ашық диалогFarabi University
Референдум 15 марта

Көшбасшылық және сапа: Газиза Омаровамен ашық диалог

26 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қабырғасында кәсіби өсу мен тұрақты даму мәселелеріне қызығушылық танытатын студенттердің, оқытушылардың және жас мамандардың басын қосқан «QS Azia Sertik» ЖШС басшысы Омарова Ғазиза Құдайбергенқызымен «Шекарасыз көшбасшылық» атты мазмұнды әрі шабыттандыратын кездесу өтті.

Шара ашық диалог форматында ұйымдастырылды. Бұл қатысушыларға спикердің кәсіби жолымен танысып қана қоймай, көкейкесті сауалдарын қоюға, сапа, стандарттау және заманауи менеджмент саласындағы өзекті трендтерді талқылауға мүмкіндік берді. Кездесу атмосферасы пікір алмасуға және бизнестің елдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлі туралы сындарлы дискуссия қалыптастыруға ықпал етті. Бұл бастама ТДМ 4 (Сапалы білім) мақсатына толық сай келеді, өйткені мұндай іс-шаралар дүниетанымды кеңейтуге және кәсіби өзін-өзі жүзеге асыру перспективаларына жаңаша қарауға көмектеседі.

Өз сөзінде Ғазиза Құдайбергенқызы стандарттар кез келген ұйымның қауіпсіздігінің, сенімінің және бәсекеге қабілеттілігінің негізі екенін қадап айтты. Оның айтуынша, сапа талаптарын сақтау — компаниялардың тұрақтылығын және тұтынушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ететін стратегиялық қажеттілік. Ол сапа мәдениеті әрбір қызметкердің жеке жауапкершілігінен басталатынын және жүйелі тәсіл, процестердің ашықтығы, тиімді басқару мен үздіксіз жетілу арқылы қалыптасатынын атап өтті.

Спикер білім беру мен тұлғалық өсудің маңызына ерекше тоқталды. Жаһандық бәсекелестік жағдайында дәл осы адами капитал мемлекет пен бизнесті дамытудың басты ресурсы болып табылады. Ғазиза Құдайбергенқызының айтуынша, білім, талдаулық ойлау және практикалық дағдылар кәсіби тұрақтылықты қалыптастырып, мансаптық өсуге кең мүмкіндіктер ашады. Оның басқару саласындағы табысты жолы ТДМ 5 (Гендерлік теңдік) қағидаттарын іс жүзінде көрсетіп, әйелдердің кәсіби ортадағы мүмкіндіктерін паш етті.

Кездесуді қорытындылай келе, Ғазиза Құдайбергенқызы бастамашыл студенттерді «QS Azia Sertik» ЖШС-не тағылымдамадан өтуге және кейіннен жұмысқа орналасуға шақырды. Бұл қадам университет пен бизнес арасындағы ынтымақтастықты нығайтып, ТДМ 8 (Layықты жұмыс және экономикалық өсу) мақсатын жүзеге асыруға бағытталған. Кездесу жастар үшін шабыт көзіне айналып, олардың егемен Қазақстанның экономикасын дамытуға және халықаралық аренада еліміздің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға деген ұмтылысын күшейтті.