Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Талас өзені алабындағы су және жер ресурстарын мониторингтеу мен болжау жобасы басталдыFarabi University
Референдум 15 марта

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Талас өзені алабындағы су және жер ресурстарын мониторингтеу мен болжау жобасы басталды

27 ақпан, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті базасында Талас өзені алабындағы су және жер ресурстарын климаттың өзгеруі жағдайында мониторингтеу және болжауға бағытталған ғылыми-қолданбалы жоба іске асырыла бастады. Жоба 2025–2027 жылдарға жоспарланған және ғылымды дамытудың басым бағыты – «Экология, қоршаған орта және табиғатты ұтымды пайдалану» аясында жүзеге асырылады.

Талас өзені алабы Жамбыл облысының негізгі аграрлық аймақтарының бірі болып табылады және өңірдің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде стратегиялық маңызға ие. Аталған аумақта шамамен 162 мың гектар егістік жер шоғырланған, ал халық саны 340 мыңнан асады. Аймақтағы ауыл шаруашылығы өндірісінің тұрақтылығы су ресурстарының жай-күйіне және оларды тиімді пайдалану деңгейіне тікелей тәуелді.

Соңғы онжылдықтарда өңірде айқын климаттық өзгерістер байқалуда: атмосфералық жауын-шашын мөлшерінің азаюы, орташа жылдық температураның көтерілуі, сондай-ақ Талас және Аса өзендері алабындағы мұздықтар көлемі мен ауданының қысқаруы. Бұл үдерістер өзен ағынының азаюына, су аз кезеңдердің жиілеуіне және суармалы су тапшылығының қалыптасуына алып келуде. 2023 жылы су тапшылығы ауыл шаруашылығы өнімділігінің төмендеуіне және шаруашылықтар үшін елеулі экономикалық шығындарға себеп болды.

Сонымен қатар, суармалы жерлерде екіншілік тұздану үдерістері күшеюде. Бұл құбылыс ұзақ мерзімді суару, минералданған жер асты сулары деңгейінің көтерілуі және коллекторлық-дренаждық жүйелердің жеткіліксіз тиімділігімен байланысты. Топырақ жамылғысының деградациясы құнарлылықтың төмендеуіне, галофитті өсімдіктердің таралуына және ауыл шаруашылығы жерлерінің өнімділігінің біртіндеп азаюына әкеледі.

Жобаның мақсаты – Жерді қашықтан зондтау (ЖҚЗ) деректері, геоақпараттық технологиялар және далалық зерттеулер негізінде су және жер ресурстарының қазіргі жағдайына кешенді бағалау жүргізу, сондай-ақ әртүрлі климаттық сценарийлерді ескере отырып, оларды пайдалану бойынша болжамдық модельдер әзірлеу.

Жоба аясында төмендегі бағыттар жүзеге асырылады:

       көпжылдық кезең бойынша климаттық және гидрологиялық деректерге ретроспективті талдау жүргізу;

 

       Талас өзені алабының бірыңғай ақпараттық-талдамалық деректер базасын қалыптастыру;

 

       NDVI, NDWI және басқа да спектралдық индекстерді қолдана отырып, жердің деградациясын сипаттайтын тақырыптық карталар сериясын әзірлеу;

 

       климаттық және антропогендік факторларды ескере отырып, өзен ағыны динамикасын болжау моделін жасау;

       суармалы және жайылмалы аумақтардың деградацияға төзімділігін бағалау критерийлерін анықтау.

Кешенді пәнаралық тәсіл климаттық параметрлердің өзгеруі, су ресурстары динамикасы және ауыл шаруашылығы алқаптарының жай-күйі арасындағы өзара байланыстарды айқындауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, аграрлық сектор үшін ұзақ мерзімді тәуекелдерді бағалау және табиғи ресурстарды басқарудың бейімделу тетіктерін әзірлеу басты назарда болады.

Жоба нәтижелері су және жер ресурстарын басқару жүйесін жетілдіруге, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігін арттыруға және климаттық қысым күшейген жағдайда Жамбыл облысының тұрақты дамуын қамтамасыз етуге ғылыми негіз болады деп күтілуде.

Аталған бастама университеттің экологиялық қауіпсіздік, табиғатты ұтымды пайдалану және елдің азық-түлік тұрақтылығын нығайту бағытындағы стратегиялық міндеттерді шешуге қосқан маңызды үлесі болмақ.