ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫЛАРМЕН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІККЕ ЖАҢА ҚАДАМFarabi University
Референдум 15 марта

ӘЛ-ФАРАБИ АТЫНДАҒЫ ҚАЗҰУ: ХАЛЫҚАРАЛЫҚ САРАПШЫЛАРМЕН СТРАТЕГИЯЛЫҚ ӘРІПТЕСТІККЕ ЖАҢА ҚАДАМ

3 наурыз, 2026

2026 жылғы 2 наурызда Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінде QS халықаралық сарапшыларымен маңызды кездесу өтті. Бұл іс-шара университеттің халықаралық ынтымақтастығын кеңейтуге, білім беру сапасын жаһандық стандарттарға сәйкестендіруге және БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарының 17–ші бағыты бойынша Серіктестік даму бағытын ілгерілетуге арналды.

 

Кездесуге Станбул Топкапы Университетінің халықаралық офисінің директоры Эрол Гювен, Рауф Венкташ университетініңy халықаралық істер жөніндегі проректоры Бежан Рустамов және KIMEP университетінің қаржы саласының қауымдастырылған профессоры Алимшан Фаизулаев қатысты. Сарапшылардың құрамы кездесудің жоғары деңгейде өткенін және оның халықаралық білім кеңістігіндегі маңызын айқындай түсті.

 

Сапар барысында қонақтар университеттің білім беру бағдарламаларымен, ғылыми-зерттеу жұмыстарының бағыттарымен, академиялық инфрақұрылымымен және халықаралық серіктестік тәжірибесімен жан-жақты танысты. Әсіресе, білім сапасын арттыру, студенттер мен оқытушылардың академиялық ұтқырлығын дамыту, қос дипломды бағдарламалар мен бірлескен ғылыми жобаларды іске асыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Бұл бастамалар QS халықаралық стандарттарына сәйкес жоғары білім беруді жетілдіруге бағытталған.

 

Кездесу аясында серіктес университеттермен өзара тәжірибе алмасу, халықаралық рейтингтердегі позицияны жақсарту және тұрақты даму қағидаттарын білім беру жүйесіне енгізу жолдары талқыланды. Серіктестік университеттер арасындағы сенімді байланыстарды нығайтып қана қоймай, жаһандық білім беру кеңістігінде ортақ жауапкершілікті қалыптастыруға ықпал етеді. Халықаралық әріптестік – инновация мен тұрақты дамудың негізгі тетігі екені кездесуде бірнеше мәрте атап өтілді.

 

Іс-шара іскерлік әрі конструктивті жағдайда өтіп, тараптар болашақта бірлескен жобаларды кеңейтуге дайын екендерін білдірді. Бұл кездесу ҚазҰУ-дың халықаралық имиджін арттырумен қатар, оны өңірдегі және әлемдік деңгейдегі беделді, ашық әрі серіктестікке бейім университет ретінде таныта түсті. Нәтижесінде, аталмыш басқосу университет деңгейінде  стратегиялық маңызды қадам ретінде бағаланды.

 

Абелдаев Ж.

Кыркымбекова А.