- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАНК СЕКТОРЫ – 2026: ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЖАҢА ҚАРЖЫЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР
ҚАЗАҚСТАННЫҢ БАНК СЕКТОРЫ – 2026: ЦИФРЛЫҚ ТРАНСФОРМАЦИЯ, ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ЖӘНЕ ЖАҢА ҚАРЖЫЛЫҚ ТЕХНОЛОГИЯЛАР
2026 жылғы 11 қарашада әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде Ұлттық валюта – теңге күніне орай дөңгелек үстел өтті.
Іс-шара Қазақстанның банк жүйесін дамытудың өзекті үрдістерін талқылау мақсатында қаржы және банк секторының өкілдерін, мемлекеттік органдар мамандарын, ғылыми қауымдастықты, профессор-оқытушылар құрамын, докторанттар мен магистранттарды біріктірді.
Дөңгелек үстелдің құрметті қонақтары мен спикерлері:
🔹 Аким Ғаділбек Мақсотұлы – Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бас сарапшысы.
🔹 Жакенов Аскар – «Банк ЦентрКредит» АҚ BCC Hub директорының орынбасары.
🔹 Амангельді Бекзат – «Нұрбанк» АҚ операциялық қызмет бойынша директорының орынбасары.
🔹 Рахымбердиев Ғазиз Қапанұлы – Алматы қаласы Медеу ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы жеке кәсіпкерлерді әкімшілендіру бөлімінің бас маманы.
Дөңгелек үстел барысында банк қызметтерін цифрландыру, жасанды интеллектіні енгізу, финтехті дамыту, банктік тәуекелдерді басқару, қаржылық сауаттылықты арттыру және қаржылық алаяқтыққа қарсы іс-қимыл мәселелері қарастырылды.
Қаржы саласында жасанды интеллект пен үлкен деректерді қолдану перспективаларына, коммерциялық банктердің цифрлық трансформациясына және қаржылық қызмет көрсетудің жаңа модельдерін дамытуға ерекше назар аударылды.
Іс-шараның маңызды бөлігін «Қаржы» мамандығының докторанттары мен магистранттарының ғылыми баяндамалары құрады. Олар қаржы секторын цифрландырудың өзекті мәселелеріне арналған зерттеу нәтижелерімен бөлісті.
Шақырылған сарапшылар мен қонақтарға мазмұнды баяндамалары, кәсіби тәжірибелері, ашық пікір алмасуы және ғылыми-білім беру ынтымақтастығын дамытуға қосқан үлестері үшін алғыс білдіреміз!
Осындай кездесулер ғылым, білім және нақты қаржы секторы арасындағы байланысты нығайтып, жаңа буын мамандарын даярлауға берік негіз қалайды.
Ұйымдастырушы: әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінің «Қаржы және есеп» кафедрасы.
#ҚазҰУ #ТеңгеКүні #Қаржы #БанкСекторы FinTech #Қазақстан #Нұрбанк #БанкЦентрКредит http://fingramota.kz/