ҚазҰУ мен ирандық ғалымдар ортақ зерттеулерді кеңейтеді — ҚазҰУ

ҚазҰУ мен ирандық ғалымдар ортақ зерттеулерді кеңейтеді

12 қараша 2026
ҚазҰУ мен ирандық ғалымдар ортақ зерттеулерді кеңейтеді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев Иран Ислам Республикасының Алматы қаласындағы бас консулы Сона Ахмадимен келіссөз жүргізді. 
 

Кездесуге Тегеран және Бакир әл-Улум университетінің, сондай-ақ Әл-Мұстафа халықаралық университетінің өкілдері қатысты. 

Тараптар ҚазҰУ мен Иран ЖОО-лары арасындағы әріптестік байланысты дамыту бағыттарын талқылады.

Жүздесуде Жансейіт Түймебаев ирандық университеттермен барлық салада ынтымақтастық қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Сондай-ақ өз сөзінде ректор ҚазҰУ базасында өткен Халықаралық Фараби симпозиумына арнайы қатысқаны үшін құрметті қонақтарға ризашылығын жеткізді. 

«Ирандық әріптестермен бірлесіп фарабитану бағытында ауқымды жұмыстар іске асырылып келеді. Ортақ зерттеулер жүргізіліп, конференциялар, кездесулер, дөңгелек үстел отырыстары дәстүрлі түрде ұйымдастырылады. Иранда Орталық Азия тарихына қатысты кітаптар мен қолжазбалар жетерлік. Кітаптарды алмасу, талдау жүргізу үшін болашақта ҚазҰУ ғалымдарымен бірге жұмыс істеуді ұсынамын», – деді ректор. 

Өз кезегінде Сона Ахмади барлық бастамалар мен ұсыныстарды қолдайтынын айтып, ҚазҰУ мен Иран ЖОО-лары арасындағы серіктестікті жоғары бағалайтынын жеткізді. Құрметті консул келесі кездесуде ҚазҰУ мен Тегеран университеті арасында меморандум жасасуды ұсынды. 

Келіссөз соңында қос тарап арнайы жұмыс жоспарын бекітуге уағдаласты. 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі