Жаңғыру жолындағы әйелдер рөлі жоғары бағаланды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Экономика және бизнес жоғары мектебінде Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әйел бақыты – ел бақыты» атты мерекелік кездесу өтті.
Салтанатты шараны факультет деканы Жанна Ермекова ашып, қазіргі қоғамдағы нәзік жандылардың айрықша рөліне тоқталды. Ол әйелдердің мемлекеттік дамуға қосып жатқан өлшеусіз үлесі мен отбасы құндылықтарын нығайтудағы қажырлы еңбегін ерекше атап өтті.

Жиын барысында Халықаралық ақпараттандыру академиясының академигі Салтанат Әмірғалиева «Әйел ғалымдардың қоғам модернизациясындағы рөлі» тақырыбында баяндама жасады. Спикердің пайымдауынша, әйелдердің ғылымдағы белсенділігі – елдің тұрақты дамуының кепілі. «Бүгінгі қоғамды әйел ғалымдардың үлесінсіз жаңғырту мүмкін емес. Олар іргелі және қолданбалы зерттеулерді дамытып қана қоймай, жауапкершілік мәдениетін, гуманистік көзқарас пен пәнаралық ойлау жүйесін қалыптастырады. Әйел ғылымда өзін жүзеге асырғанда, бүкіл қоғам жеңіске жетеді», – деді профессор.

Мерекелік басқосуға арнайы қатысқан Қазақстан Республикасы Ұлттық кітапханасының директоры Ғазиза Нұрғалиева жастарды кітап оқуға тартудың заманауи әдістерін ортаға салды. Ол цифрлық дәуірде кітаптың құндылығы жоғалмайтынын, тек оны жаңа форматта ұсыну қажеттігін алға тартты. «Интерактивті жобалар мен цифрлық платформалар кітапхананы жай ғана кітап қоймасы емес, нағыз диалог алаңына айналдыруы тиіс», – деді ол.

Сондай-ақ шараға қаржы және медиа саласының білікті мамандары қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті. «Нұрбанк» АҚ атқарушы директоры Гүлназ Халитова цифрлық банкингтің халықтың өмір сапасын жақсартудағы әсері туралы айтса, Қазақ радиосының журналисі Гүлбағыш Бостан радионың тәрбиелік және коммуникациялық маңызына тоқталды.

Кеш соңында қонақтар өзара пікір алысып, мерекелік тілектерін білдірді.




Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар