Ұлттық рух пен жасанды интеллект тоғысқан тағылымды жиынFarabi University

Ұлттық рух пен жасанды интеллект тоғысқан тағылымды жиын

25 ақпан, 2026

2026 жылғы 25 ақпанда ТДМ 4-тармағы бойынша Жамбыл облысы, Шу ауданы, Көктөбе ауылындағы «Жамбыл атындағы орта мектебі» КММ базасында «Жамбыл Жабаевтың әдеби мұрасы және ұлттық рух: Жамбыл шығармашылығын оқу үдерісінде жасанды интеллект негізінде үйлестіру» атты халықаралық ғылыми-әдістемелік конференция өтті.

Ауқымды шара Жамбыл Жабаев мұрасын заманауи білім беру кеңістігінде жаңаша пайымдауға арналды. Конференцияны Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен «Жамбыл атындағы орта мектебі» бірлесіп ұйымдастырды.

Рухани тағзым және мазмұнды пленарлық мәжіліс

Іс-шара қатысушыларды тіркеумен, мектеп музейіндегі «Естеліктер энергиясы» таныстырылымымен және «Гүл арқылы сөйлеген үн» атты гүл қою рәсімімен басталды.

Пленарлық мәжілісте модератор – мектеп директоры, педагог-зерттеуші Индира Диханбаева болды. Құттықтау сөзді Шу ауданы білім бөлімінің басшысы Жайдар Жазықбаев арнады.

Бас баяндамашы, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Қансейіт Әбдезұлы «Жыраулық өнер және Жамбыл феномені» тақырыбында баяндама жасады. Сонымен қатар отандық және шетелдік ғалымдар Жамбыл поэзиясындағы ұлттық құндылықтар, айтыс өнері, тарихи жырлар, фольклорлық негіздер және ақын шығармашылығын жасанды интеллект арқылы оқыту мәселелерін талқылады.

Бес секция – бір мақсат

Конференция жұмысы бес секция бойынша жалғасты. Онда педагог-зерттеушілер мен ғалымдар:

• Жамбыл поэзиясындағы ұлттық рух пен этномәдени құндылықтарды,

• Айтыс өнеріндегі ақынның орнын,

• Тарихи жырлардағы елдік идеяны,

• Білім беру жүйесінде ЖИ құралдарын тиімді қолдану жолдарын қарастырды.

Әсіресе «Жамбыл мұрасын ЖИ негізінде кіріктіре оқыту», «Цифрлық дәуірдегі эпикалық поэзия» тақырыптары заманауи білім беру үдерісіндегі жаңа бағыттарды айқындады.

Қорытынды және мәдени бағдарлама

Конференция соңында қорытынды резолюция қабылданып, конференция жинағының тұсауы кесілді, меморандумға қол қойылып, бірқатар ұстаздар марапатталды.

Шара «Ұлы дала поэзиясының шамшырағы» атты концерттік бағдарламамен түйінделді.

Бұл халықаралық басқосу – ұлы жырау Жамбыл Жабаев мұрасын ұлттық рухтың темірқазығы ретінде танытып қана қоймай, оны жасанды интеллект мүмкіндіктерімен ұштастыру арқылы жаңа білім кеңістігіне жол ашқан маңызды ғылыми алаң болды.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті
Филология факультеті, қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасы
PhD, доцент м.а. Оспанова Гүлмәрия Тұрысбекқызы