Тұрақты даму мақсаттары аясындағы серіктестік және кәсіби дамуFarabi University

Тұрақты даму мақсаттары аясындағы серіктестік және кәсіби даму

20 ақпан, 2026

2026 жылдың 20 ақпан күні Алматы қаласындағы «Ана үйінде» Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының М02312 – «Шетел филологиясы (батыс тілдері)» мамандығының магитсранттары мен аға оқытушылар Ә.Ж. Байелі мен Г.Ш. Акимбекованың ұйымдастыруымен ТДМ 17 «Тұрақты даму мүддесіндегі серіктестік» аясында «Тұрақты даму мақсаттары аясындағы серіктестік және кәсіби даму» тақырыбында университеттен тыс тәрбиелік іс-шара өткізілді.

«Ана үйі» ресурстық орталықтары балаларды интернаттық мекемелерге орналастыруды азайтуды мақсат еткен. «Ана үйі» қолында жаңа туған нәрестемен қиын өмірлік жағдайға тап болған аналарға, сондай-ақ баласынан бас тарту қаупі бар отбасыларға көмек көрсетеді. «Ана үйінің» мақсаты – ананың сәбиін тастап кетуіне жол бермеу және баланы туған отбасында қалдыру.

Бүгінгі таңда Қор Қазақстанның 18 қаласында 21 Ана үйін ашып, жұмыс істейді. «Ана үйі» қызметінің 13 жыл ішінде 7395 әйелге Қордан атаулы әлеуметтік көмекті дер кезінде көрсетіліп, балалары балалар үйіне түспей, өз отбасында қалған. Балалар интернаттарынан 1071 бала туған отбасына қайтарылған. 

Іс-шараның негізгі мақсаты – аталған үйдің тұрғындарына кәсіби бағдарын нығайту, еңбек нарығындағы қазіргі талаптар туралы ақпарат беру, сондай-ақ тұрақты даму мақсаттары аясында серіктестіктің, әлеуметтік қолдаудың және қоғаммен өзара әрекеттестіктің маңыздылығын түсіндіру болды. Сонымен қатар жас аналардың болашақ мамандығына деген жауапкершілігін арттыру, кәсіби дамуға бағыт беру және қоғамдағы әлеуметтік жобалармен таныстыру көзделді.

Іс-шара барысында жас аналарға мамандық таңдаудың маңыздылығы және қазіргі еңбек нарығының талаптары туралы жан-жақты ақпарат ұсынылды. Қазіргі уақытта жұмыс берушілердің тек теориялық білімге ғана емес, сонымен қатар практикалық дағдыларға, коммуникациялық қабілеттерге, шет тілдерін меңгеру деңгейіне және цифрлық сауаттылыққа ерекше мән беретіндігі айтылды. Осы тұрғыда шетел филологиясы мамандығының түлектері үшін аударма, білім беру, халықаралық компаниялар, туризм, мәдениетаралық коммуникация сияқты түрлі салаларда жұмыс істеу мүмкіндіктері бар екендігі түсіндірілді.

Сонымен бірге, жұмыс іздеудің заманауи тәсілдері туралы кеңінен айтылды. Жас аналарға жұмыс іздеу барысында онлайн платформаларды тиімді пайдалану жолдары түсіндірілді. Атап айтқанда, кәсіби желілер мен жұмысқа орналастыру сайттарын қолдану, өз профилін дұрыс рәсімдеу, кәсіби байланыстар орнату және жұмыс берушілермен дұрыс коммуникация құру жолдары талқыланды. HR агенттіктердің қызметі, олардың жұмыс іздеушілерге көрсететін көмегі және жұмысқа орналасу процесіндегі рөлі туралы да ақпарат берілді.

Іс-шара аясында резюме (CV) дайындаудың маңыздылығы ерекше атап өтілді. Жас аналарға сапалы резюменің құрылымы, оның негізгі бөлімдері, яғни жеке мәліметтер, білім, жұмыс тәжірибесі, кәсіби дағдылар және қосымша ақпаратты дұрыс көрсету жолдары түсіндірілді. Сондай-ақ жұмыс берушінің назарын аудартатын резюме дайындау үшін нақты, қысқа және мазмұнды ақпарат берудің маңыздылығы айтылды. Практикалық мысалдар арқылы дұрыс және дұрыс емес резюме үлгілері көрсетіліп, студенттердің сұрақтарына жауап берілді.

Іс-шара барысында тұрақты даму мақсаттарының 17-ші бағыты – серіктестік тақырыбына ерекше назар аударылды. Қоғамдық ұйымдар, білім беру мекемелері және әлеуметтік орталықтар арасындағы серіктестік қоғамның тұрақты дамуына үлкен үлес қосатыны атап өтілді. «Ана үйі» сияқты әлеуметтік мекемелердің қоғамдағы рөлі, әлеуметтік қолдау көрсету және түрлі ұйымдардың бірлесіп жұмыс істеуі арқылы әлеуметтік мәселелерді шешу мүмкіндігі туралы айтылды.

Ұйымдастырушылар:

Байелі Ә., Акимбекова Г., Айтжан Б., Билал З., Дәуренбаева А., Муса А.