ҚазҰУ-да «117-пәтер» қойылымының премьерасы өтті
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті студенттік «Біз» театры көрерменге жаңа сахналық туынды «117-пәтер» қойылымының тұсауын кесіп, өнерсүйер қауымға тағылымды әрі мазмұнды мәдени шара ұсынды.
Жас драматург Қазыбек Аманжолдың қаламынан туған комедиялық-драма жанрындағы бұл шығарма адам тағдырларының алуан қырын бір ғана шағын кеңістіктің аясында бейнелей отырып, көрерменді қоғамдағы әлеуметтік құбылыстар туралы терең ойлануға жетелейді. Қойылым желісі небәрі 30 шаршы метрлік бір бөлмелі пәтердің ішінде өрбиді. Тар кеңістікке сыйған түрлі тағдырлар арқылы уақыт пен қоғам өзгерісінің көрінісі, әр отбасының үміті мен өкініші, қуанышы мен қайғысы шынайы әрі әсерлі жеткізіледі.
Сахналық туындының мазмұны қазіргі қоғамдағы әлеуметтік айырмашылықтар, тұрғын үй мәселесі, отбасы ішіндегі қарым-қатынастар мен адамгершілік құндылықтар тақырыбын қозғайды. Бір пәтердің қабырғасында тоғысқан бірнеше тағдыр арқылы адамдардың тұрмыс-тіршілігі, арман-мұраты мен өмірлік таңдаулары көркемдік тұрғыда бейнеленеді. Бұл тұрғыдан алғанда қойылым жалдамалы баспана іздеп, тұрмыс тауқыметін тартып жүрген жандардың өмірін көрсету арқылы қоғамдағы әлеуметтік шындықты айқын көрсетеді.
Қойылым мазмұны Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттары аясындағы бірқатар маңызды бағыттармен де үндеседі. Атап айтқанда, әлеуметтік теңсіздікті азайтуға бағытталған Теңсіздікті азайту (10‑мақсат), қауіпсіз әрі қолжетімді тұрғын орта қалыптастыруды көздейтін Тұрақты қалалар мен елді мекендер (11‑мақсат), сондай-ақ бейбіт әрі әділетті қоғам құндылықтарын насихаттайтын Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар (16‑мақсат) қағидаларымен мазмұндық тұрғыда сабақтас келеді.
Студент-актерлер әр отбасының өз ішінде қайнап жататын драмасын шынайы жеткізе отырып, көрерменді бір сәтте күлдірсе, келесі сәтте терең ойға жетелейді. Кейіпкерлердің тағдыры арқылы адамдық құндылықтар, өзара түсіністік пен жауапкершіліктің маңызы көркем түрде ашылады.
Осылайша «117-пәтер» қойылымы жас өнерпаздардың шығармашылық ізденісін танытып қана қоймай, қоғамдағы өзекті мәселелерді өнер тілі арқылы көтерген мазмұнды әрі тағылымды сахналық туынды ретінде көрермен жадында сақталары анық.


Басқа жаңалықтар