ТДМ 7 – Таза энергия – таза экология
2026 жылғы 12 наурызда Әл‑Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті физика-техникалық факультетінің базасында жаһандық энергетикалық өтпелі кезеңнің өзекті мәселелеріне арналған студенттердің қатысуымен ашық білім беру іс-шарасы — кураторлық сағат өткізілді. Іс-шараға энергетика, экология және тұрақты даму мәселелеріне қызығушылық танытқан студенттер, оқытушылар және жас зерттеушілер қатысты.
Мерекеттің негізгі мақсаты қазіргі экологиялық сын-қатерлерді ғылыми-тәжірибелік тұрғыдан терең талқылау және жаһандық деңгейде жүзеге асырылып жатқан төмен көміртекті экономикаға көшу жағдайында энергетикалық секторды жаңғыртудың мүмкін жолдарын қарастыру болды. Бағдарламаның теориялық бөлімінде энергетика жүйесін жаңғыртудың ықтимал сценарийлері қарастырылып, әсіресе өтпелі кезеңде тұрақты энергетикалық теңгерімді сақтау үшін «таза көмір» технологияларын енгізудің перспективалары талданды. Бұл технологиялар көмір энергетикасы дамыған елдер үшін энергетикалық тұрақтылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқара алатыны атап өтілді.
Студенттердің ғылыми-зерттеу қызметіне қызығушылығын арттыру мақсатында іс-шара интерактивті форматта жалғасын тапты. Бағдарлама аясында тақырыптық квиз және академиялық пікірталастар ұйымдастырылды. Мұндай формат студенттерге теориялық білімдерін тәжірибелік талқылау арқылы бекітуге және энергетикалық трансформацияның түрлі аспектілерін жан-жақты қарастыруға мүмкіндік берді.
Пікірталастардың негізгі тақырыбы атом электр станцияларын (АЭС) экологиялық таза энергетиканың маңызды элементтерінің бірі ретінде жан-жақты талқылау болды. Студенттер физика заңдарына, отынның энергетикалық тығыздығына жүргізілген есептеулерге және халықаралық экологиялық стандарттарға сүйене отырып, атом энергетикасының болашақтағы тұрақты энергетикалық жүйені қалыптастырудағы рөлін ғылыми тұрғыдан талдады.
Талқылау барысында атом электр станциялары электр энергиясының базалық генерациясын қамтамасыз ететін және парниктік газдардың шығарындылары өте төмен болатын сенімді энергия көзі ретінде қарастырылды. Қатысушылар заманауи атом станцияларының үздіксіз әрі тұрақты электр энергиясын өндіруге қабілетті екенін, ал олардың жұмыс процесінде көмірқышқыл газының шығарындылары іс жүзінде болмайтынын атап өтті. Бұл атом энергетикасын климаттың өзгеруімен күрестегі маңызды құралдардың бірі ретінде қарастыруға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар пікірталас барысында заманауи энергетикалық технологиялардың толық көміртекті ізі мәселесі де талданды. Студенттер электр көліктері индустриясының өмірлік циклін қарастырып, «нөлдік шығарындылар» тұжырымдамасы тек қуатты әрі тұрақты көміртексіз энергетикалық база болған жағдайда ғана іске асуы мүмкін деген қорытындыға келді. Осы тұрғыда атом электр станциялары мұндай энергияның тиімді көздерінің бірі ретінде аталды. Керісінше жағдайда көміртекті із электр энергиясын қазба отындарынан өндіру кезеңдеріне және аккумулятор батареяларын өндіру процестеріне ауысуы мүмкін екендігі айтылды.
Іс-шара қорытындысы бойынша студенттердің жоғары деңгейдегі белсенділігі мен ғылыми талқылауға қызығушылығы атап өтілді. Өткізілген кураторлық сағат болашақ мамандарға ядролық физика, энергетика және тұрақты даму салаларындағы білімдерін тереңдетуге, сондай-ақ ғылыми көзқарастарын дәлелді түрде қорғау дағдыларын дамытуға мүмкіндік берді.
Іс-шараны ұйымдастырушылар: ассистент-профессор А.У. Әмренова, плазма физикасы, нанотехнологиялар және компьютерлік физика кафедрасының аға оқытушылары Ш.А. Әбдиева, М.Т. Төлеміс, Ж.Б. Игибаев және 8D07112 білім беру бағдарламасының 1-курс PhD-докторанты С.Б. Дюсембекова.
Өткізілген іс-шара заманауи энергетиканың маңызды мәселелерін талқылауға арналған тиімді білім беру алаңы болып, студенттердің ғылыми дүниетанымын қалыптастыруға және тұрақты энергетика бағытындағы ғылыми қызығушылығын арттыруға ықпал етті.
