Діни экстремизмге қарсы түсіндіру лекциясы өттіFarabi University

Діни экстремизмге қарсы түсіндіру лекциясы өтті

11 наурыз, 2026

 

 

Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің докторанты Ерімбет Рамзан Еділбекұлы Тұрақты даму мақсаттарының Бейбітшілік әділдік және тиімді институттар аясында Алматы қаласындағы Әл Фараби атындағы №145 мектепте экстремизмге қарсы түсіндіру лекциясын өткізді.

Жастар арасында экстремизм мен радикализмнің алдын алу, құқықтық және діни сауаттылықты арттыру мақсатында ұйымдастырылды. Іс-шараға мектеп оқушылары мен ұстаздар қатысып, қоғамдағы қауіпсіздік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері талқыланды.

Лекция барысында жастарға экстремизм мен терроризмнің қоғам үшін қауіптілігі, оның пайда болу себептері және алдын алу жолдары кеңінен түсіндірілді. Мамандар қазіргі таңда интернет пен әлеуметтік желілер арқылы таралатын радикалды идеялардың жастар санасына әсер ету қаупіне ерекше тоқталды. Сонымен қатар оқушыларға ақпаратты дұрыс қабылдау, күмәнді дереккөздерден сақтану және сыни ойлау қабілетін дамыту қажеттігі айтылды.

Кездесу барысында қатысушыларға Қазақстан Республикасының заңнамасы аясында экстремизм мен терроризмге қарсы жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы да мәлімет берілді. Оқушыларға құқықтық жауапкершілік мәселелері түсіндіріліп, қоғамдағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау әр азаматтың міндеті екені атап өтілді.

Лекция интерактивті форматта өтіп, оқушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, мамандардан нақты жауаптар алды. Мұндай кездесулер жастардың дүниетанымын кеңейтіп, олардың қоғамдағы түрлі ақпараттарға саналы көзқараспен қарауына ықпал етеді.

Іс-шара соңында мектеп әкімшілігі мұндай профилактикалық кездесулердің маңызы зор екенін атап өтіп, жастарды рухани-адамгершілік құндылықтарға тәрбиелеу және қоғамдағы бейбітшілік пен келісімді сақтау бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табатынын жеткізді.

Ұйымдастырушылар: Әл Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасы ф.ғ.к., профессор м.а. Балтымова М.Р., доцент м.а. Аманқұл Т.О., докторант Ерімбет Р.Е.