ЖИ-дің азаматтық сот ісіне ықпалы қарастырылды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде «Жасанды интеллект және цифрлық технологиялар: Қазақстан Республикасындағы азаматтық процеске жаңа үндеу» тақырыбында халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Заң факультетінде ұйымдастырылған шараға Қазақстан және шетелден келген жетекші заңгер-ғалымдар, сот жүйесінің өкілдері, құқықтық қауымдастық мүшелері мен жас зерттеушілер қатысты.

Пленарлық отырысты ашқан заң факультетінің деканы Уәлихан Ахатов азаматтық процесті жаңғырту және цифрлық құқықтық институттарды дамыту бағытындағы ғылыми пікірталастардың маңызын атап өтті. «Бүгінде жасанды интеллект пен аналитикалық технологияларды қолдану сот төрелігінің тиімділігін арттыруға жаңа мүмкіндіктер ашады. Сонымен қатар бұл заң ғылымы мен заң шығарушылар алдында сот шешімдерін автоматтандыру шегі, адам құқықтарын қорғау және әділ сот принциптерін сақтау мәселелеріне қатысты күрделі міндеттер қойып отыр», – деді декан.

Конференцияда отандық және шетелдік жетекші ғалымдардың ғылыми баяндамалары тыңдалды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Азаматтық құқық, азаматтық іс жүргізу және еңбек құқығы кафедрасының меңгерушісі Талғат Балашов жасанды интеллектіні құқықтық реттеудің халықаралық тәжірибесіне талдау жасап, оны азаматтық процесте қолданудың перспективаларын ұсынды.

Аталған кафедраның профессоры Салтанат Атаханова «Қазақстандағы азаматтық сот ісін жүргізуді цифрландыру: электрондық құжаттар және онлайн-сот ісін жүргізу» тақырыбында баяндама жасады. Ал германиялық ғалым Андреас Штайнингер өз сөзінде «Legal Tech» технологияларының дамуы және заңгерлік тәжірибені трансформациялаудағы ықпалына тоқталды. Сондай-ақ заң ғылымының докторы, қырғызстандық ғалым Элиза Арзыматова Орталық Азия елдеріндегі сот тәжірибесіне цифрлық шешімдерді енгізудің ерекшеліктері туралы ғылыми тәжірибесімен бөлісті.
Конференция қорытындысы бойынша азаматтық сот ісін жүргізуді жетілдіруге арналған ғылыми ұсыныстар әзірленді.


Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар