ҚазҰУ докторанты АҚШ-та кино және медиа саласы бойынша зерттеу жүргізуде
ТДМ-17 ҚазақҰУ PhD докторанты Диас Азимжанов АҚШ астанасы Вашингтон қаласындағы Джордж Вашингтон университетінде (George Washington Univesity) ғылыми тағылымдамадан өтуде. Тағылымдама халықаралық академиялық ынтымақтастықты дамыту шеңберінде іске асырылуда, сонымен қатар – кино, медиа және коммуникация салалары бойынша докторлық диссертацияның зерттеу шеңберін кеңейтуге бағытталған. Ғылыми зерттеу жұмысы – кинотану, медиа және халықаралық қатынастар салаларының танымал маманы, профессор Питер Роллбергтің (Peter Rollberg) жетекшілігімен жүзеге асырылуда. Зерттеудің негізгі бөлігі университеттің ғылыми кітапханасында, сондай-ақ АҚШ-тың астаналық аймағындағы ең ірі академиялық кітапханаларды біріктіретін және ғылыми, мұрағаттық, аудиовизуалды материалдарға қолжетілімділік беретін Washington Research Library Consortium (WRLC) негізінде жүзеге асырылады. Зерттеу жұмысы кино, медиа және коммуникация мәселелеріне арналған және ерекше назар аудиовизуалды шығармалардың қоғамның ұжымдық және әлеуметтік-мәдени жадын қалай бейнелейтінін, қалыптастыратынын және сақтайтынын зерттеудің халықаралық тәжірибесіне аударылады. Тағылымдама аясында академиялық ортада аудиовизуалды шығармалар мен медиа жүйелерді – тарихи тәжірибе мен қоғамдық өзгерістерді бейнелеу құралы ретінде талдауда қолданылатын заманауи әдістері мен кейс-тәжірибелері зерттеледі. Ғылыми тағылымдама бағдарламасы университет ұйымдастыратын академиялық семинарларға, ғылыми іс-шараларға және ғылыми пікірталастарға қатысуды қамтиды. Бұл алаңдар әртүрлі елдердің ғалымдарымен кәсіби диалог жүргізуге, зерттеу тәсілдерімен алмасуға, сонымен қатар медиа және коммуникациялар дамуының өзекті үрдістерін талқылауға мүмкіндік береді. Диас Азимжановтың айтуынша, халықаралық академиялық ортадағы жұмыс зерттеудің теориялық және эмпирикалық базасын едәуір кеңейтуге мүмкіндік береді: «Университеттің кітапханалық және зерттеу ресурстарына қол жеткізу, сондай-ақ әртүрлі елдерден келген зерттеушілермен тәжірибе алмасу – кино мен медианың – ұжымдық және әлеуметтік-мәдени жадының қалыптасуындағы рөлін тереңірек талдауға кең мүмкіндік береді». Ғылыми тағылымдама жас зерттеушінің кәсіби дамуына және ғылыми байланыстарының кеңеюіне тікелей ықпал етеді. Мұндай академиялық ұтқырлық бағдарламалары халықаралық ғылыми ынтымақтастықты нығайтып, Қазақстан мен АҚШ университеттері арасындағы зерттеу серіктестігін дамытуға жаңа мүмкіндіктер ашады деген сенімдеміз.
Диас Азимжановқа табысты ғылыми ізденістер мен кино және медиа коммуникация салаларында жаңа ғылыми жетістіктер тілейміз.
Басқа жаңалықтар