- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Экология және денсаулық: қоршаған ортаның адамның физикалық және психикалық жағдайына әсері»
«Экология және денсаулық: қоршаған ортаның адамның физикалық және психикалық жағдайына әсері»
2026 жылдың 13 наурызында студенттердің экологиялық мәдениетін қалыптастыру мақсатында «Экология және денсаулық: қоршаған ортаның адамның физикалық және психикалық жағдайына әсері» тақырыбында тәрбиелік іс-шара өткізілді. Іс-шараның ұйымдастырушысы – оқытушы Қайратқызы Динара.
Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттердің экологиялық санасын қалыптастыру, қоршаған ортаның адам денсаулығына әсері туралы білімдерін кеңейту, табиғатқа деген жауапкершілік сезімін арттыру.
Іс-шара барысында адам мен қоршаған ортаның өзара байланысына қатысты өзекті мәселелер қарастырылды. Атап айтқанда, ауаның ластануы, қалалық ортадағы шу деңгейі, жасыл аймақтардың азаюы және олардың адамның физикалық әрі психикалық денсаулығына әсері туралы айтылды. Талқылау барысында студенттер қазіргі қалалардағы экологиялық жағдай адамның денсаулығына, күйзеліс деңгейіне және жалпы өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.
Іс-шара семинар-тренинг форматында ұйымдастырылды. Бұл формат студенттердің тақырыпты белсенді талқылауына мүмкіндік берді. Қатысушылар өз пікірлерімен бөлісіп, экологиялық мәселелер бойынша мысалдар келтіріп, оларды шешудің мүмкін жолдарын ұсынды.
Іс-шараның практикалық бөлімінде студенттер топтарға бөлініп, экологиялық таза орта мен табиғат пен адамның үйлесімді байланысын бейнелейтін шығармашылық тапсырма орындады. Тапсырманы орындау барысында студенттер табиғатты қорғаудың маңыздылығы, жасыл аймақтардың адам өміріндегі рөлі және қоршаған ортаға ұқыпты қарау қажеттілігі туралы пікір алмасты.
Топтық жұмыс студенттердің коммуникативтік дағдыларын дамытуға, экологиялық ойлауын қалыптастыруға және өзара ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етті. Студенттердің ұсынған шығармашылық жұмыстары олардың экологиялық мәселелерді түсінуін және табиғатты сақтауға деген ұмтылысын көрсетті.
Іс-шара барысында студенттер белсенділік танытып, тақырыпқа үлкен қызығушылық білдірді. Нәтижесінде қатысушылар экологиялық мәдениетті қалыптастыру мен қоршаған ортаға жауапкершілікпен қараудың адам денсаулығын сақтау және қоғамның тұрақты дамуы үшін маңызды екенін түсінді.
Іс-шара ұйымдастырушысы:
оқытушы
Қайратқызы Динара
Басқа жаңалықтар