Қасиетті Рамазан айына орай Экономика және бизнес жоғары мектебі студенттерге арналған игі бастама - Нұр-Мүбарак мешітінде ауызашар ұйымдастырды. Нұр-Мүбарак мешітінде өткен бұл рухани кешке факультеттің 100-ге жуық студенті шақырылып, бір дастарқан басында бас қосып, ауызашар рәсімін бірге өткізді. Шара студенттер арасында бірлік пен сыйластықты арттырып, мейірім мен қамқорлықтың ерекше атмосферасын қалыптастырды.
Рамазан - мұсылман қауымы үшін рухани тазару мен ізгіліктің, сабыр мен қайырымдылықтың айы. Бұл айда адамдар жақсылық жасап, бір-біріне қолдау көрсетуге, жанашырлық танытуға ұмтылады. Осындай берекелі кезеңде студенттерге арналған ауызашар ұйымдастыру университеттің ізгі дәстүрлерінің біріне айналып отыр. Мұндай шаралар студенттердің рухани құндылықтарды тереңірек түсінуіне, өзара құрмет пен қамқорлықтың маңызын сезінуіне ықпал етеді. Әсіресе туған үйінен жырақта, жатақханада тұрып білім алып жүрген жастар үшін мұндай кездесулердің орны ерекше.
Сондықтан ауызашар өткізілетін орын ретінде студенттік жатақханаларға жақын орналасқан Нұр-Мүбарак мешіті таңдалды. Студенттер таза кешкі ауада серуендеп, санаулы минуттар ішінде мешітке жетіп, ауызашар дастарқанына жиналды. Бұл олардың рухани кешке жайлы әрі еркін қатысуына мүмкіндік берді. Іс-шараға факультеттің әртүрлі білім беру бағдарламаларында білім алып жатқан студенттер қатысты.
Сонымен қатар ауызашарға Түрікменстан, Ауғанстан, Бангладеш және Түркия елдерінен келіп оқып жатқан шетелдік студенттер де қатысып, кештің мазмұнын одан әрі байыта түсті. Бұл кездесу түрлі мәдениеттер мен халықтардың бір ортада бас қосып, достық пен өзара түсіністіктің жарқын көрінісіне айналды. Мұндай шаралар университеттің халықаралық студенттік қауымдастығы арасындағы ынтымақтастық пен мәдени байланыстарды нығайта түседі.
Ауызашар барысында студенттер бір дастарқан басында жиналып, жылы әңгіме өрбітіп, рухани құндылықтар туралы ой бөлісті. Жылы әрі шынайы атмосферада өткен кеш студенттердің жүрегінде ерекше әсер қалдырды. Осындай кездесулер жастардың бір-біріне деген сыйластығын арттырып, университет қауымдастығындағы бірлік пен ынтымақтастықты нығайта түседі.
Іс-шараға факультет деканы, деканның оқу ісі жөніндегі орынбасары, деканның ғылым және инновация мен халықаралық байланыстар бойынша орынбасары мен деканның тәрбие ісі мен әлеуметтік мәслелер бойынша орынбасары, кафедра меңгерушілері және эдвайзерлер қатысып, студенттермен бірге осы рухани кештің куәсі болды. Факультет деканы өз сөзінде студенттерге Рамазан айының мәні мен маңызын атап өтіп, жастарға білім жолында табыс тілеп, олардың болашағына сенім білдірді.
Осындай игі бастамалар университет қауымдастығы арасындағы өзара қолдау мен сыйластықты арттырып, жастарды мейірімділік пен адамгершілік құндылықтарға тәрбиелейді. Қасиетті Рамазан айы әр шаңыраққа береке, жүректерге мейірім, елге тыныштық пен амандық әкелсін. Осындай рухани кездесулер университет өмірінің ажырамас бөлігіне айналып, студенттер мен оқытушылар арасындағы достық пен бірлікті одан әрі нығайта берсін.
Садыханова Д.А.
деканның оқу ісі және әдістемелік мәселелері жөніндегі орынбасары
Экономика және бизнес жоғарғы мектебі.