- Басты бет
- Жаңалықтар
- Университет студенті республикалық тілдер олимпиадасында үздіктер қатарынан көрінді
Университет студенті республикалық тілдер олимпиадасында үздіктер қатарынан көрінді
2026 жылғы 13 наурыз күні С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінде «Тілдер әлемі: Интеллект. Инновация. Интеграция» атты Шетел тілдері апталығы ұйымдастырылды.
Апталықтың басты мақсаты – студенттердің шетел тілдерін меңгеруге деген қызығушылығын арттыру, мәдениетаралық қарым-қатынасты дамыту және халықаралық ынтымақтастықты нығайту. Бір апта бойы өткен ғылыми, танымдық және мәдени іс-шаралар студенттердің білімін шыңдап, шығармашылық әлеуетін ашуға мүмкіндік берді.
Жабылу салтанатында Шет тілдері кафедрасының меңгерушісі, филология ғылымдарының кандидаты Исина Жаннұр апталықтың қорытындысын шығарып, тіл үйренудің қазіргі білім беру жүйесіндегі маңызын ерекше атап өтті.
Республикалық «Language Without Borders» («Шекарасыз тілдер») олимпиадасы ағылшын, француз және неміс тілдері бойынша өткізілді. Олимпиада бірнеше кезеңнен тұрып, қатысушылардың тілдік білім деңгейін, грамматикалық сауаттылығын, мәтінмен жұмыс істеу қабілетін, сондай-ақ ауызша және жазбаша коммуникация дағдыларын жан-жақты бағалауға мүмкіндік берді. Қатысушылар берілген тақырыптар бойынша тест тапсырмаларын орындап, бақ сынады.
Сонымен қатар, апталық аясында өткен «The Five Minds» интеллектуалдық ойыны студенттердің сыни ойлау, креативтілік, логикалық талдау және командалық жұмыс дағдыларын дамытуға бағытталды. Ойын барысында қатысушылар түрлі бағыттағы (тіл, мәдениет, тарих, логика) тапсырмаларды орындап, өз білімдері мен тапқырлықтарын көрсетті.
Ал «Полиглот» викторинасы бірнеше тілді қатар меңгерген студенттерге арналды. Бұл сайыста қатысушылар әртүрлі тілдерде сұрақтарға жауап беріп, аударма жасап, тілдік икемділіктерін дәлелдеді. Викторина студенттердің тілдік қорын кеңейтіп қана қоймай, мәдениетаралық коммуникация дағдыларын нығайтуға ықпал етті.
Іс-шара барысында республикалық «Language Without Borders» олимпиадасының (ағылшын, француз, неміс тілдері бойынша) жүлдегерлері, сондай-ақ «The Five Minds» интеллектуалдық ойыны мен «Полиглот» викторинасының жеңімпаздары марапатталды.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультеті Дінтану және мәдениеттану кафедрасының «6В03102-мәдениеттану» білім беру бағдарламасының 1-курс студенті Қазбек Мәншүк Айдосқызы аталған іс-шараға қатысып, жүлделі III орынға ие болды.
Студенттің ғылыми жетекшісі – кафедраның аға оқытушысы Құдайбергенов Серғазы Ережепұлы.
Жеңімпазға С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық зерттеу университетінің Басқарма мүшесі, Академиялық мәселелер жөніндегі проректоры Абишева Роза Джанысбековнаның атынан табысталды.
Мәншүктің бұл жетістігі – оның білімге деген ұмтылысы мен шет тілдерін меңгерудегі жоғары деңгейінің айқын дәлелі. Университет ұжымы студентімізді шын жүректен құттықтай отырып, алдағы уақытта да биік белестерді бағындыруына тілектестік білдіреді!
Кеш студенттердің шығармашылық өнер көрсетуімен жалғасып, француз тіліндегі әндер, заманауи билер мен мәдени қойылымдар көрермендерге ерекше әсер сыйлады.
Сергазы Кудайбергенов
Дінтану және мәдениетану кафедрасының аға оқытушы
Басқа жаңалықтар