Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының негізіFarabi University

Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының негізі

3 наурыз, 2026

2026 жылғы наурыз айының 3-ші жұлдызында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Химия және химиялық технология факультетінде «Заң мен тәртіп – қоғам тұрақтылығының негізі» тақырыбында ашық тәрбие сағаты ұйымдастырылды.

Семинардың ұйымдастырушылары - органикалық заттар, табиғи қосылыстар мен полимерлер химиясы және технологиясы кафедрасының 1 курс докторанттары: Минкаева А., Баймаханова Б., Өтегенова Б., Елжас Н., Тұрсынова Б., Ныған Н. және жауапты х.ғ.к., қауымдастырылған профессор Литвиненко Ю.А.

Іс-шараға шақырылған профессор-оқытушылар құрамының өкілі ретінде PhD, қауымдастырылған профессор Құдайбергенова Б.М. және п.ғ.д., Мукашева А. Б. қатысты.

Тәрбие сағаты барысында Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес есірткі және психотроптық заттардың заңсыз айналымына қатысты өзекті мәселелер жан-жақты қарастырылды. Атап айтқанда, мұндай құқықбұзушылықтардың түрлері, олардың қоғам мен жеке тұлғаға тигізетін зияны, сондай-ақ алдын алу шаралары талқыланды. Студенттерге Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі мен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі аясында көзделген жауапкершілік түрлері кеңінен түсіндірілді. Сонымен қатар құқықбұзушылық жасаудың салдары ретінде айыппұл салу, әкімшілік қамауға алу, жүргізуші куәлігінен айыру, сондай-ақ белгілі бір мерзімге бас бостандығынан айыру жазалары нақты мысалдармен баяндалды.

Іс-шараның арнайы қонағы – психолог-аддиктолог Пак Оксана Борисовна болды. Ол өз сөзінде тәуелділіктің қалыптасу механизмдерін, оның психологиялық және әлеуметтік себептерін, сондай-ақ «бір рет байқап көрудің» адам өміріне тигізетін ұзақ мерзімді әсерін ғылыми тұрғыда түсіндірді. Сонымен қатар, ол қосалқы тәуелділік (созависимость) ұғымына тоқталып, мұндай жағдайлардың отбасына және жақын ортаға тигізетін ықпалын атап өтті. Жастар арасында тәуелділіктің пайда болуына әсер ететін негізгі факторлар — әлеуметтік қысым, орта ықпалы, ақпараттық кеңістіктегі қауіптер және стресс жағдайлары екені көрсетіліп, олардың алдын алу жолдары бойынша нақты ұсыныстар берілді.

Кездесу барысында студенттер жоғары белсенділік танытып, өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, түрлі өмірлік жағдайларды талқылауға қатысты. Ашық диалог форматында өткен бұл тәрбие сағаты қатысушыларға өз пікірін еркін білдіруге мүмкіндік беріп, құқықтық және психологиялық мәселелерді тереңірек түсінуге жағдай жасады.

Өткізілген іс-шара Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарына (ТДМ) тікелей сәйкес келеді. Атап айтқанда, бұл іс-шара құқықтық мемлекетті қалыптастыруға, қылмыс деңгейін төмендетуге және заңдылықты нығайтуға бағытталған ТДМ 16 «Бейбітшілік, әділеттілік және тиімді институттар» мақсатының жүзеге асуына ықпал етеді. Сонымен қатар, нашақорлықтың алдын алу және салауатты өмір салтын қалыптастыру мәселелері ТДМ 3 «Салауатты өмір және әл-ауқат» мақсатымен үйлеседі. Студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыру және жауапты мінез-құлықты дамыту да ТДМ 4 «Сапалы білім» мақсатына сәйкес келеді, өйткені бұл әлеуметтік және азаматтық құзыреттерді қалыптастыруға ықпал етеді.

Жалпы, аталған іс-шара студенттердің құқықтық сауаттылығын арттыруға, заң талаптарын құрметтеуге және жауапты мінез-құлық қалыптастыруға бағытталды. Сонымен қатар, жастар арасында заңға бағыну мәдениетін нығайтып, қоғамдағы тәртіп пен тұрақтылықты сақтаудың маңыздылығын айқындады.