18.03.2026 ж Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Экономика және бизнес жоғарғы мектебі, «Бизнес технологиялары» кафедрасының оқытушылары Маулина Нұргүл Хасанқызы, Бекметова Аруна Кернейқызының жетекшілігімен өткен «Ұлттық ойын-ұлт қазынасы!» атты іс-шара ұлттық рухты жаңғыртқан ерекше мәдени алаңға айналды. Бұл бөлімнің басты мақсаты – ұлттықойындар арқылы халықтың тарихын, дүниетанымын және рухани болмысын тереңірек таныту болды.
К4 тобының студенттері бұл күнге ерекше дайындықпен келіп, қазақы нақыштағы киімдер киіп, ұлттық сәннің көркемдігін айқын көрсетті. Камзол мен шапан, ою-өрнекпен безендірілген әшекейлер – барлығы ата-бабадан жеткен мәдени кодтың жарқын көрінісі іспетті әсер қалдырды. Әрбір киім тек сәндік элемент емес, өзіндік тарихы мен терең мағынасы бар рухани мұра екені айқын сезілді.
Іс-шара барысында ұлттық ойын – «асық ату» ойыны мен «арқан тарту» ұйымдастырылып, қатысушылар бала кезден таныс дәстүрлі ойын арқылы ұлттық ортаға еніп, ерекше әсер алды. Бұл тек ойын ғана емес, ұрпақтар сабақтастығын жалғайтын, ұлт болмысын айқындайтын маңызды мәдени элемент ретінде көрініс тапты.
Аталған шара жастардың бойында ұлттық мақтаныш сезімін қалыптастырып, өз мәдениетіне деген құрметін арттырды. Ұлттық киімнің тек өткеннің белгісі емес, бүгінгі күннің де ажырамас бөлігі екені тағы бір мәрте дәлелденді.
Басқа жаңалықтар