Мәдениет пен салт-дәстүр – халықтың жаныFarabi University

Мәдениет пен салт-дәстүр – халықтың жаны

16 наурыз, 2026

Қазақ халқының бақ-берекесі мен құт-несібесі оның бай дастарқанынан көрініс табатыны белгілі. Осы орайда Жоғары оқу орнына дейінгі білім беру факультетінің ЖОО-ға дейінгі кафедрасында «Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр» күніне орай ұлттық тағамдарды дәріптеуге арналған іс-шара ұйымдастырылды.

Ұлттық тағам – кез келген халықтың мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігінің айқын көрінісі. Бұл құндылықтар бүгінгі күнге дейін өз маңызын жойған жоқ. Қазақ халқының ұлттық тағамдары ғасырлар бойы қалыптасқан көшпелі өмір салтымен тығыз байланысты. Қазіргі таңда ұмыт бола бастаған ұлттық ас түрлеріне деген қызығушылық қайта артып келеді. Ұлттық тағам арқылы біз өз тамырымызды танып, мәдени мұрамызды дәріптей аламыз.

Әр халықтың болмысын, дүниетанымын және өмір сүру салтын айқындайтын негізгі құндылықтардың бірі – оның салт-дәстүрі. Сондықтан ұлттық тағамдарды насихаттау, оны жастарға таныту – маңызды міндеттердің бірі.

Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күні – халықтың өткенін ұлықтап, болашағына бағдар беретін маңызды іс-шаралардың бірі. Мұндай мерекелердің санын арттырып қана қоймай, мазмұнын байыту да өзекті.

Себебі мәдениет – ұлттың рухани тірегі, ал салт-дәстүр – сол мәдениеттің ғасырлар бойы қалыптасқан асыл қазынасы.

Аталған мәдени іс-шараның мақсаты – тыңдаушылардың рухани дамуына ықпал ету, ұлттық тағамдардың адам ағзасына пайдалы, қуат беретін қасиеттерін таныту және олардың ұлттық асқа деген талғамын қалыптастыру.