Жас ғалымдарға арналған семинар-тренингFarabi University

Жас ғалымдарға арналған семинар-тренинг

20 наурыз, 2026

2026 жылғы 20 наурыз күні Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасында «Жас ғалымдар кеңесінің» ұйымдастыруымен доцент-ізденуші Батырхан Болатбек Шаденұлы «Ғылымдағы жаңа әдіснамалық бағыттар» тақырыбында семинар-тренинг өткізді. Іс-шараның басты мақсаты – жас ғалымдар мен магистранттарға қазіргі ғылымдағы заманауи зерттеу әдістерін таныстыру, ғылыми жұмыстың сапасын арттыру жолдарын түсіндіру және ғылыми ізденісте қолданылатын жаңа тәсілдер туралы тәжірибе алмасу болды.

Семинар барысында спикер ғылымдағы пәнаралық зерттеулердің маңыздылығы, заманауи методологиялық бағыттар, ғылыми зерттеу жүргізудің тиімді стратегиялары туралы кеңінен баяндады. Сонымен қатар, ғылыми мақалаларды халықаралық талаптарға сай жазу, дереккөздермен дұрыс жұмыс істеу, академиялық адалдық қағидаларын сақтау мәселелеріне ерекше назар аударылды.

Іс-шара интерактивті форматта өтіп, қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, ғылыми зерттеу жүргізу барысында кездесетін қиындықтар туралы пікір алмасты. Практикалық бөлімде ғылыми тақырып таңдау, зерттеу әдісін анықтау және ғылыми нәтижелерді рәсімдеу бойынша нақты мысалдар қарастырылды.

Семинар-тренинг соңында қатысушылар мұндай ғылыми кездесулердің жас зерттеушілер үшін маңызы зор екенін атап өтіп, өз ризашылықтарын білдірді. Осындай іс-шаралар ғылыми әлеуетті арттыруға, зерттеу мәдениетін қалыптастыруға және болашақ ғалымдардың кәсіби дамуына оң ықпал ететіні айтылды.

Іс-шара жоғары деңгейде ұйымдастырылып, қатысушыларға пайдалы ақпарат пен жаңа ғылыми бағыттар туралы құнды мәліметтер берілді.