- Басты бет
- Жаңалықтар
- Цифрлық қоғамдағы психология: зерттеу әдіснамасы, клиникалық және қолданбалы шешімдері
Цифрлық қоғамдағы психология: зерттеу әдіснамасы, клиникалық және қолданбалы шешімдері
2026 жылдың 20 наурыз айында, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-де, профессор Қ.Б. Жарықбаевтың ғылыми мұрасына арналған «ЦИФРЛЫҚ ҚОҒАМДАҒЫ ПСИХОЛОГИЯ: ЗЕРТТЕУ ӘДІСНАМАСЫ, КЛИНИКАЛЫҚ ЖӘНЕ ҚОЛДАНБАЛЫ ШЕШІМДЕРІ» (III Жарықбаев оқулары) атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.
Құбығұл Бозайұлы Жарықбаев (1927-2021) – қазақтың көрнекті психологы және педагогы, психология мен педагогика ғылымдарының докторы, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Әбу Насыр Әл-Фараби күміс медалінің иегері, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым және техника қайраткері. 1000-нан астам ғылыми еңбектердің авторы, қазақ ғалымдарының, психологтарының және педагог-практиктерінің бір буыннан астамын тәрбиелеген ғалым.
Құбығұл Бозайұлы Қазақстандағы этнопсихология мен этнопедагогиканың, психология тарихының негізін салушы, ол қазақстандық психологиялық мектептің қалыптасуы мен дамуына, сонымен қатар, университеттік білім беру шеңберінде қазақ тіліндегі психолог мамандарды даярлауға зор үлес қосты.

Конференцияға 70-ден астам адам, яғни, Қазақстан, Ресей, Германия, Қытай, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа елдердің ғалымдары мен практиктері, сонымен бірге, Қазақстандағы жоғары оқу орындарының докторанттары, магистранттары мен студенттері қатысты. Конференция барысында қатысушылар Қ.Б. Жарықбаевтың идеялары негізінде қазіргі психологиялық-педагогикалық ғылымның өзекті мәселелерін талқылап, ғылыми-зерттеу тәжірибесімен, психологиялық және педагогикалық зерттеулердің ғылыми және қолданбалы нәтижелерімен алмасты.
Қ.Б. Жарықбаевтың шәкірттері мен әріптестері ол туралы естеліктерімен бөлісіп, тамаша Дос, Ұстаз және Ғалымның шығармашылық және кәсіби жолы туралы әңгімелді.
«Цифрлық қоғамдағы психология: зерттеу әдіснамасы, клиникалық және қолданбалы шешімдері» (III Жарықбаев оқулары) тақырыбындағы халықаралық ғылыми - тәжірибелік конференциясының материалдарын басып шығару жоспарлануда.

Басқа жаңалықтар