LiuGong компаниясымен ынтымақтастық орнадыFarabi University

LiuGong компаниясымен ынтымақтастық орнады

30 наурыз, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті қытайлық LiuGong компаниясымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Аталған келісімге LiuGong компаниясының Қазақстандағы орталығының ашылуында қол жеткізілді.

Құжат екі тараптың білім беру және өндірістік бағыттағы әріптестігін дамытуға негіз қалайды.

Меморандум шеңберінде құрылыс техникасы саласында білікті кадрлар даярлау және бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру жоспарланып отыр. Бұл бастама студенттердің тәжірибелік білімін арттырып, еңбек нарығына бейімделген мамандар даярлауға жол ашады.

Guangxi LiuGong Machinery Co. Ltd. – 1958 жылы Лючжоу қаласында құрылған ірі машина жасау компаниясы. Бүгінде компания құрылыс техникасын өндіру саласындағы әлемдік жетекші кәсіпорындардың қатарына кіреді. Сондай-ақ дөңгелекті тиегіштер өндірісі бойынша әлемде бірінші орынға ие.

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев LiuGong техникасының арнайы көрмесін тамашалады.

LiuGong техникасының негізгі түрлеріне экскаваторлар, бульдозерлер, автогрейдерлер, жол катоктары, крандар және тиегіштер жатады. Компания бүгінде 20-дан астам өндірістік зауытқа ие және 100-ден астам елде жүздеген дилер арқылы өз өнімін таратады.

ҚазҰУ ректоры қытайлық компания басшылығымен серіктестікті одан әрі арттыру бойынша келіссөз жүргізіп, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ базасында LiuGong  компаниясының орталығын ашу туралы ұсынысын жеткізді. 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі