Академик Айдархан Қалтаевтың авторлық дәрісі өттіFarabi University

Академик Айдархан Қалтаевтың авторлық дәрісі өтті

2 сәуір, 2026

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Ғылым апталығы аясындағы дәрістер легі үшінші күнге ұласты.

Апталықтың кезекті маңызды кездесуінің спикері ретінде көрнекті ғалым, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі Айдархан Жүсіпбекұлы Қалтаев дәріс оқыды.

Дәріс алдында Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Басқарма Төрағасы – Ректор Жансейіт Түймебаев көрнекті ғалымды арнайы қабылдады. Кездесу барысында университет басшысы академиктің отандық ғылымды дамытудағы қажырлы еңбегіне тоқталып, жас буынға арналған құнды дәрістері үшін ризашылығын білдірді. Ректор Жансейіт Түймебаев академик Айдархан Қалтаевқа университеттің жоғары марапаты – «Фараби» алтын медалін салтанатты түрде табыс етті.

Марапаттау рәсімінен кейін университет кітапханасында жалғасқан ғылыми жиынға механика-математика факультетінің студенттері, жас ізденушілер мен докторанттар жиналды. Академиктің «Төмен, орташа және жоғары Рейнольдс пен Мах сандарындағы реакция ағындарын модельдеу» атты дәрісі іргелі ғылым мен тәжірибенің ұштасу нүктесіне айналды.

Дәріс барысында ғалым газ динамикасының ең күрделі мәселелеріне тоқталып, Мах саны төмен болғанда теңдеулердің стандартты жүйелері тудыратын қателіктерді еңсеру жолдарын көрсетті.

Профессор дефлаграциялық жануды модельдеу кезіндегі кедергілерді динамикалық сығылмайтын газдың аралық моделіне көшу арқылы шешудің тиімділігін ғылыми негіздеп берді.

Сондай-ақ  академик Айдархан Қалтаев тек теориямен шектелмей, өз ғылыми тобының бірегей нәтижелерін таныстырды. Атап айтқанда докторант Ж.Уәлиевпен бірлесіп жүргізілген күрделі геометриялы тұйық аймақтардағы жалынның таралуын зерттеу жұмыстары қатысушылардың үлкен қызығушылығын тудырды. Сонымен қатар кәдімгі жанудың детонацияға ауысуын сипаттайтын есептеу моделі қауіпті газдинамикалық процестерді алдын ала болжауға мүмкіндік беретіні атап өтілді.

Ғалым қолданбалы ғылымның өндіріспен байланысына ерекше назар аударып, уран мен пиритті жерасты биохимиялық шаймалаудың физика-математикалық модельдеріне тоқталды. М.Тұңғатарова, М.Құрмансейіт, Н.Шаяхметов сынды ғалымдар тобымен бірлесіп жасалған уран өндірудің цифрлық моделі бүгінде өндіріске еніп, процесті нақты уақыт режимінде басқаруға жол ашқан.

Ғылым апталығының үшінші дәрісі интерактивті форматта жалғасып, жас ғалымдар турбулентті ағындардың 3D-модельдерін жасау және GPU процессорларында жоғары өнімді есептеулерді пайдалану бойынша академикпен пікір алысты.

 

 

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Баспасөз қызметі