Ғылыми мақала жазудағы белсенділік – командалық жұмыстың нәтижесі
Маржан СҰЛТАНҒАЗИНА, Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасының аға оқытушысы:
– Маржан, қандай тақырыпқа қызығасыз, қандай саланы зерттеп жүрсіз?
– Мен қазір «Сұйықтықтағы плазма және композиттік наноқұрылымдардың синтезі» деген тақырыпты таңдап алып, зерттеп жатырмын. Бұл бағыт плазмалық физика, материалтану және нанотехнологиялардың тоғысқан тұсында орналасқан және бүгінде ең өзекті салалардың бірі болып саналады. Себебі электрлік разрядтың сұйық ортамен өзара әрекеттесу процестері жаңа функционалдық материалдарды экологиялық таза, энергия үнемдейтін және технологиялық тұрғыдан оңайлатылған әдіспен алуға мүмкіндік береді. Бұл зерттеу жұмысымен 2016 жылдан бастап айналысып келемін. Сол жылы ҚазҰУ-дың Плазма физикасы, нанотехнология және компьютерлік физика кафедрасында «Нанотехнология және наноматериалдар» білім беру бағдарламасы бойынша магистратураға оқуға түсіп, профессор Маратбек Ғабдуллин мен қауымдастырылған профессор Сағи Оразбаевтың ғылыми жетекшілігімен жұмысымды бастадым.
Бүгінде менің ғылыми жұмысым көміртек-иммобилизацияланған нанокомпозиттердің түзілуін, разряд параметрлерінің бөлшектердің морфологиясы мен фазалық құрамына тигізетін әсерін зерттеуге арналып отыр. Сондай-ақ олардың магниттік қасиеттері мен каталитикалық процестер, сенсорика, биомедицина, су тазарту және функционалдық материалдар жасау сияқты салалардағы қолдану мүмкіндіктерін анықтауға бағытталған.
Бұл ғылыми бағыт әрі фундаменталды, әрі қолданбалы міндеттерді қамтығандықтан, қарқынды дамуын жалғастыруда. Біріншіден, сұйық ортадағы плазманың түзілуінің негізгі механизмдері зерттеледі. Екіншіден, алынған нанокомпозиттерді қолданудың әлеуеті ауқымдалып келеді. Бұл катализ бен сенсорикадан бастап, биомедицинаға, су тазартуға, функционалдық қаптамалар мен энергия сақтау жүйелеріне арналған элементтерді жасауға жақсы мүмкіндік деуге болады.
– Scopus базасына кіретін халықаралық басылымдарға көп мақалаңыз шыққан екен. Бұл үлкен ізденіс пен уақытты талап етеді. Соның бәріне қалай үлгересіз?
– Мен үшін мақала жазудағы белсенділік – ең алдымен командалық жұмыстың нәтижесі. Біз тәжірибелі зерттеушілердің жетекшілігімен ғылыми мектеп құрамында жұмыс істейміз әрі алынған әрбір нәтиже ұжымдық талқылаудан, сараптамалық бағалаудан өтеді.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың физика-техникалық факультетінде академик, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор Тілекқабыл Рамазанов жетекшілік ететін Шаңды плазма және плазмалық технологиялар зертханасының ғылыми семинарлары аптасына бір рет өтіп тұрады. Осы семинарларда біз эксперименттік деректерді егжей-тегжейлі талдаймыз, ықтимал қателерді қарастырамыз, интерпретацияларды нақтылаймыз және жұмыстың әрі қарайғы жоспарын қалыптастырамыз. Мұндай формат зерттеулердің сапасын айтарлықтай арттыруға және халықаралық ғылыми стандарттарға сай мақалалар дайындауға мүмкіндік береді.
Барлық жұмысқа үлгеру нақты жоспарлаудың, міндеттерді дұрыс бөлудің және дағдыларды эксперименттік, аналитикалық үздіксіз жетілдірудің арқасында жүзеге асады. Жұмыс жүйелі түрде ұйымдастырылса және командада ортақ ғылыми мақсат болса, жарияланымдар әр жобаның табиғи даму кезеңіне айналады.
Сонымен қатар біздің ғылыми мектептің түлектері әлемнің жетекші университеттері мен ғылыми орталықтарымен, соның ішінде Sorbonne University (Франция), Princeton University (АҚШ), Nagoya University (Жапония), University of Mons (Бельгия), Orleans University (Франция), Kyoto Institute of Technology (Жапония) және басқа мекемелермен белсенді коллаборация жүргізеді. Халықаралық ынтымақтастықта ғылыми мәдениеттің дамуына және жарияланатын жұмыстардың деңгейінің жоғарылауына ықпал етеді.
– Халықаралық басылымға мақала жазудың жауапкершілігі қандай?
– Ғылыми мақала жазу – шынымен де оңай емес, бірақ қызықты процесс. Ең көп еңбекті талап ететіні нәтижелерді дұрыс талдап, оларды ғылыми тұрғыдан негізделген, дәл әрі түсінікті түрде баяндау. Әр мақала бірнеше кезеңдегі талқылаудан, түзетулер мен толықтырулардан өтеді, бұл уақыт пен жүйелі жұмысты қажет етеді. Алайда зерттеу тобындағы бірлескен жұмыс, пікір алмасу және деректерді бірге талдау бұл процесті едәуір жеңілдетіп, соңғы жарияланымның сапасын арттыра түседі.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбаттасқан
Еңлік Ақжігіт
Басқа жаңалықтар