Жасанды интеллект – ел дамуының тетігі
Жасанды интеллект (ЖИ) бүгінде әлемдік дамудың негізгі қозғаушы күштерінің біріне айналды. 2025 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің жолдауында жасанды интеллект технологияларын дамытуды елдің стратегиялық басым бағыты ретінде айқындап, бұл саланың экономиканы, ғылымды және қоғамды жаңғыртудағы рөлін ерекше атап өтті. Мемлекет басшысы цифрлық трансформацияның барлық салаға әсер ететінін айтып, нақты міндеттер жүктеді. Осы бағытта университеттің ақпараттық технологиялар және жасанды интеллект факультеті жүйелі әрі мақсатты жұмыс жүргізіп келеді.
2025 жылы ұжымымыз бірқатар табыстарға қол жеткізді. Факультет білім беру, ғылыми-зерттеу және қоғамдық тәжірибе аясында белсенді қызмет атқарды. Жыл инновациялық жобалар мен стартап-бастамаларға толы болды. Экология, цифрлық технологиялар, деректерді өңдеу және жасанды интеллектіні қолдану бағыттарында бірқатар маңызды іс-шаралар ұйымдастырылды.
Факультет бастамасымен «Математика, механика және ақпараттық технологиялар» атты Х халықаралық ғылыми конференциясы, Parallel Computing Technologies (PaCT-2025) 18-ші халықаралық конференциясы, сондай-ақ ҚазҰУ қабырғасында өткен CSAM-2025 халықаралық конференциясы жоғары деңгейде өткізілді. Бұл шаралар отандық және шетелдік ғалымдардың тәжірибе алмасуына мүмкіндік берді.
Факультет студенттері мен оқытушылары үшін оқу бағдарламалары мен зерттеу жобалары үнемі жаңартылып отырды. Жыл бойы салалық семинарлар мен шеберлік сабақтары ұйымдастырылып, жасанды интеллектінің практикалық қолданылуы, заманауи құралдар мен технологиялар кеңінен талқыланды. Сонымен қатар беделді IT-компаниялар өкілдерімен кездесулер өткізіліп, студенттердің кәсіби бағдарын айқындауға басымдық берілді.
Қазан айында ұйымдастырылған AI WEEK 2025 аясында өткен «Студенттік AI STARTUP» байқауы факультеттің табысты жобаларының бірі болды. Бұл шара жасанды интеллект саласындағы студенттік идеялар мен технологиялық шешімдерді қолдауға бағытталды. Факультет басшылығы жастарды цифрлық трансформацияға тартудың және жоғары технологиялық жобаларды қолдаудың маңызын атап өтті.
Қараша айында факультет «Farabi GreenCampus: Таза университет» экологиялық жастар форумы аясында «ЖИ және жасыл болашақ» стартап-конкурсын және бейнеролик байқауын сәтті өткізді. Байқаудың негізгі мақсаты – жасанды интеллектіні экологиялық бастамалармен ұштастырып, жас зерттеушілердің тың идеяларын қолдау. Қатысушы командалар табиғатты қорғау мен ресурстарды тиімді пайдалану бағытындағы инновациялық жобаларын ұсынды. Бұл бастамалар экологиялық жауапкершілік пен цифрлық сауаттылықты арттырудың маңызын көрсетті.
Факультет оқытушылары мен студенттері республикалық және халықаралық байқауларда да жоғары нәтижелер көрсетті. Атап айтқанда факультет командасы «AI-Sana Shakarim Solveathon: AI & Agriculture-2025» республикалық хакатонында 1-орынды иеленді, IT-FEST 2025 фестивалінде CTF бағыты бойынша 2-орын алды. Сондай-ақ ІСРС 2025 халықаралық бағдарламалау олимпиадасының финалына жолдама алды.
Факультет ғалымдары жүрек-қан тамырлары ауруларын ерте анықтауға арналған «Zhurek AI» платформасын әзірлеп, Scopus базасында ғылыми мақалалары жарияланған факультет докторанты, жас ғалым Салтанат Байпақбаева ғылым мен білім саласындағы ізденістері үшін марапатталды. Бұл жетістіктер жоғары оқу орындарының ғылыми әлеуетінің артып келе жатқанын айқын көрсетеді.
Өтіп бара жатқан жыл факультет үшін жаңа белестер мен маңызды бастамаларға толы болды. Университет оқу үдерісіне IT-саласындағы инновацияларды енгізе отырып, жасанды интеллект бағытында жоғары білікті мамандар даярлауды жалғастыруда. 2025 жылғы жетістіктер елдің стратегиялық мақсаттарына сай келетін білім беру мен ғылыми зерттеулерді одан әрі нығайтуға серпін береді.
Нұрбол БЕЙСОВ,
ақпараттық технологиялар және
жасанды интеллект факультеті деканының ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық
ынтымақтастық жөніндегі орынбасары
Басқа жаңалықтар