Жастар – тәуелсіздік тірегі

16 маусым, 2016

Қазақстанның экономикалық, әлеуметтік қауіпсіздігі мен дамуы жас ұрпақтың білімі мен зияткерлік мүмкіндіктеріне тікелей байланысты. Тәуелсіз Қазақстанның ұландары еліміздің басты байлығы, оның бүгіні мен ертеңі. Олар өздеріне не керек екенін және қайда бағыт алу керектігін білетін ұрпақ.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жастардың басым көпшілігі діни секталардың, экстремистердің, нашақорға әуес және қылмыстық топтардың құрығына жиі ілініп қалатындығын үнемі айтып жүреді. Оның басты себебі әлеуметтік инфантилизм. Яғни, бейқам өмір сүру, өз өмірі мен отбасының жағдайына өзі жауап беретін, ақыл тоқтатқан азамат бола алмау.

Бейбітшілік пен келісімді сақтау үшін Отанға деген адалдық пен үлкен махаббатқа толы ұлтжанды, мәдениетті, жан-жақты дамыған ұрпақ тәрбиелеу керек. Аталмыш көп қырлы мәселені шешу әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың әрбір студентіне міндеттелген.

Елімізді әлеуметтік жаңғырту үдерісіне қатысу үшін ҚазҰУ студенттері кең ауқымды «Айналаңды нұрландыр!» жобасына белсенді атсалысып келеді. «ҚазҰУ студенті оқуға тиіс 100 кітап» және «Отандық кино күні» жобалары студенттердің әдебиет пен өнерге деген қызығушылықтарын арттыруға қызмет етеді. Сонымен қатар «Мен жастарға сенемін!» атты республикалық патриоттық фестивальдің ұйымдастырылуы да студенттер арасында үлкен мәнге ие. Университетте Нұрсұлтан Назарбаевтың жаһандық экологиялық бастамасын қолдау, сондай-ақ студенттерді «жасыл экономиканы» алға жылжыту процессіне белсенді қатыстыру мақсатында "Жасыл көпір ұрпақтан-ұрпаққа" қозғалысы жұмыс жасайды. «ҚазҰУ – Гринкампус» жобасын жүзеге асыру жоғарыда аталған жобаның құрамдас бөлігі болып табылады.

Бүгінде ҚазҰУ-да 374 үйірмелер мен студенттік клубтар бар. Ол патриоттық, кәсіби және ғылыми бағыттағы, көркем өнерпаздар үйірмелері, спорттық секциялар, көшбасшы мектептер, әлеуметтік және ағартушылық қызмет атқаратын клубтар.

Қазақстанда заманауи қоғамда жас болу оңай ма? Оңай! Біз үшін барлық жағдайлар жасалған. Біздің пікірлерімізге құлақ асады. Біз жаңашылдықтың қозғаушы күшіміз!

Мен Қазақстанда болашақта ешқандай ұлтаралық қақтығыстар мен кикілжіңдердің, лаңкестік әрекеттер мен азаматтық араздықтардың болмайтынына сенемін. Бірақ, ол үшін қоғам өз ұлтына қалтқысыз берілген, өзінің рухани адамгершілік құндылықтарын, салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпын, тілін, діні мен ділін сыйлайтын, өзін мақтанышпен қазақпын, қазақстандықпын деп айтатын лайықты ұрпақ тәрбиелеуі керек.

Қазақстан біздің ортақ үйіміз. Сондықтан ол үйде тұрған әрбір азамат жақсы орта қалыптастыруға міндетті. Бәрі де өз қолымызда!

Фото: Жүнісбеков Марат