ҚазҰУ археологтары Қаратау өңіріндегі көне «Бірлік» қалашығын зерттеуде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің археологиялық экспедициясы Түркістан облысы Бәйдібек ауданында орналасқан ортағасырлық қалашықта далалық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Алдын ала ғылыми деректер бойынша, бұл археологиялық ескерткіш V-XVII ғасырларды қамтиды және Қаратаудың оңтүстік өңіріндегі қала мәдениетінің көпғасырлық эволюциясын айшықтайды.
Археологиялық экспедиция жетекшісі, тарих ғылымының докторы, ҚазҰУ профессоры Досбол Байғұнақовтың айтуынша, жергілікті тұрғындар қалашықты «Ақтөбе» деп атап кеткен. Алайда мұндай атауға ие археологиялық ескерткіштер көп болғандықтан, зерттеушілер тарихи ескерткішке «Бірлік» атауын берген.

«Қалашықты археолог Н.П.Подушкин 1962 жылы ашқан. Алайда бүгінге дейін мұнда ауқымды археологиялық қазба жұмыстары жүргізілмеген. Ескерткіш ішкі қамалдан, шахристаннан және рабадтан тұрады. Рабад аумағы ауыл шаруашылығы жұмыстарының салдарынан едәуір бұзылған, ал шахристанның бір бөлігін зират алып жатыр», – дейді Досбол Байғұнақов.

Далалық зерттеу жұмыстары барысында ҚазҰУ археологтары шахристан мен ішкі қамал аумағында қазба жұмыстарын жүргізді. Зерттеу кезінде тұрғын үй орындарының, қорған қабырғасы мен мұнараның қалдықтары, ошақтар, қыш бұйымдар, диірмен тастары, жануар сүйектері және басқа да археологиялық материалдар табылды. Төменгі мәдени қабаттардан қаңлы дәуіріне жататын қолдан жасалған қыш ыдыстардың фрагменттері анықталды. Ал дамыған орта ғасырлар кезеңінің қабаттарынан, соның ішінде қараханидтер мен оғыздар дәуіріне тән жылтыратылған қыш бұйымдардың көптеген сынықтары табылды.

Археологиялық деректер қалашықтың бірнеше рет қирағанын да көрсетеді. Екі мәдени қабаттан өрт іздерінің табылуы дамыған орта ғасырлар кезеңінде қаланың кем дегенде екі рет қатты өртке ұшырағанын болжауға мүмкіндік береді. Соған қарамастан, қоныс қайта қалпына келтіріліп, өз өмірін жалғастырған.

Ішкі қамалдың үстіңгі қабатынан жүргізілген жеке қазба жұмыстарынан кейінгі орта ғасырларға, яғни Қазақ хандығы дәуіріне қатысты материалдар анықталды. Олардың қатарында қыш бұйымдар, кірпіштер, диірмен тастары және остеологиялық материалдар бар.

Зерттеушілердің пікірінше, қалашық тұрғындары негізінен ауыл шаруашылығымен айналысқан. Сондай-ақ табылған жәдігерлер қала тұрғындарының Отырар мен Түркістан маңындағы елді мекендермен, сондай-ақ басқа да тарихи-мәдени өңірлермен тығыз әлеуметтік-экономикалық байланыста болғанын аңғартады.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар