- Басты бет
- AL-FARABI NEWS LETTERS
- ҚазҰУ ғалымдары әл-Фарабидің діни-саяси көзқарастарын түпнұсқа қолжазбалар негізінде зерттеуде
ҚазҰУ ғалымдары әл-Фарабидің діни-саяси көзқарастарын түпнұсқа қолжазбалар негізінде зерттеуде
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің ғалымдары ұлы ойшыл Әбу Насыр әл-Фарабидің діни-саяси және философиялық көзқарастарын жаңа ғылыми парадигма аясында зерттеуге бағытталған іргелі зерттеу жүргізуде. Жоба аясында ойшылдың «Китәб әл-Миллә» («Дін кітабы») және «Әл-Илм әл-Илаһи» («Құдайлық ілім») атты екі трактатының қолжазба нұсқаларын зерттеу, оларды түпнұсқа араб тілінен қазақ тіліне тікелей аудару және ғылыми айналымға енгізу көзделген.
Әл-Фараби мұрасын жүйелі зерттеу әлемдік ғылымда XIX ғасырдың соңы мен XX ғасырдың басынан бастап қалыптасып, қазіргі таңда жеке ғылыми бағыт – фарабитану ғылымының дамуына негіз болды. Қазақстандағы фарабитану да XX ғасырдан бері қалыптасып, бірнеше тарихи кезеңнен өтті. Алайда ойшылдың 200-ден астам трактатының тек бір бөлігі ғана жан-жақты зерттелген. Әсіресе оның діни трактаттарын түпнұсқа мәтіндер негізінде зерттеу және дін, философия мен саясаттың өзара байланысын кешенді түрде қарастыру мәселелері әлі де өзекті болып отыр.
Зерттеудің маңыздылығы әл-Фарабидің діни көзқарастарын бұрынғы аудармалар мен түсіндірулерге ғана сүйенбей, оның араб тіліндегі түпнұсқа қолжазбалары негізінде зерделеумен байланысты. «Китәб әл-Миллә» трактатының қолжазба нұсқалары Нидерландтағы Лейден университетінің кітапханасында және Каирдегі қолжазбалар қорларында сақталса, «Әл-Илм әл-Илаһи» трактатының нұсқалары Түркия мен Мысыр архивтерінде кездеседі. Бұған дейін аталған еңбектердің бірқатар аудармалары түпнұсқа қолжазбаларға сүйеніп жасалғаны туралы нақты мәліметтердің жеткіліксіз болуы мәтінді түсіндіру мен аударуда белгілі бір қиындықтар туғызған.
Жоба барысында шетелдік архивтер мен қолжазба қорларынан әл-Фарабидің діни трактаттарының нұсқаларын жинау, салыстыру, жүйелеу және ғылыми сипаттау жоспарланған. Зерттеушілер қолжазбаларға кодикологиялық, палеографиялық және деректанулық талдау жүргізіп, олардың библиографиялық сипаттамаларын қалыптастырады. Бұл жұмыстар әл-Фараби мұрасының түпнұсқа дереккөздерін жүйелеуге және отандық фарабитану үшін жаңа ғылыми материалдар қорын толықтыруға мүмкіндік береді.
Жобаның негізгі ерекшеліктерінің бірі – «Китәб әл-Миллә» мен «Әл-Илм әл-Илаһи» трактаттарын араб тіліндегі түпнұсқадан тікелей қазақ тіліне аудару. Дайындалатын аудармалар қолжазба нұсқаларымен қатар ғылыми айналымға енгізіліп, зерттеушілерге әл-Фараби еңбектерінің бастапқы мәтінімен жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Бұл бұрынғы аудармаларда орын алуы мүмкін тілдік, мәтіндік және мағыналық айырмашылықтарды нақтылауға жағдай жасайды.
Зерттеу тек аударма жұмыстарымен шектелмейді. Ғалымдар трактаттардағы дін мен саясаттың, дін мен философияның өзара байланысын философия, дінтану, саясаттану және шығыстану салаларының тоғысында қарастырады. Сонымен қатар әл-Фарабидің діннің азаматтық ғылымдағы рөлі, саясат ғылымымен байланысы және қоғамға қатысты метафизикалық әрі әлеуметтік тұжырымдары философиялық-логикалық талдау арқылы зерттеледі.
Жобаның ғылыми жаңалығы әл-Фарабидің аталған екі діни трактатын түпнұсқа тілінен қазақ тіліне тікелей аударып, оларды заманауи пәнаралық парадигма аясында кешенді зерттеумен байланысты. Зерттеу барысында бұрын еуроцентристік тәсілдер басым қолданылған мәселелерге жаңа ғылыми көзқарас ұсынылып, ойшылдың діни-саяси және философиялық идеяларының түркі дүниетанымымен сабақтастығы қарастырылады.
Жобаны жүзеге асыруға фарабитанушы, арабтанушы, саясаттанушы, дінтанушы және философ ғалымдар тартылған. Зерттеу тобының мүшелері араб тіліндегі ортағасырлық қолжазбалармен жұмыс істеу тәжірибесіне ие және әл-Фарабидің ғылыми мұрасын зерттеу бағытында бұрыннан жұмыс жүргізіп келеді. Жоба деректану, шығыстану, саясаттану, дінтану және философия салаларының өзара байланысын күшейтіп, пәнаралық зерттеулерді дамытуға мүмкіндік береді.
Зерттеу барысында құжаттық талдау, деректанулық, палеографиялық, кодикологиялық және библиографиялық әдістермен қатар философиялық-логикалық және әлеуметтік зерттеу тәсілдері қолданылады. Түпнұсқа қолжазбалармен тікелей жұмыс істеу арқылы трактаттардың мәтіндік ерекшеліктері мен мазмұны нақтыланып, әл-Фарабидің діни-саяси көзқарастарын жаңа ғылыми тұрғыдан түсіндіруге негіз қалыптастырылады.
Жоба нәтижесінде әл-Фарабидің екі діни трактатының қазақ тіліндегі жаңа аудармалары, бір монография және ғылыми мақалалар жарық көреді. Сонымен қатар зерттеу аясында қолжазба қорларын толықтыру, жаңа ғылыми деректерді айналымға енгізу және жас зерттеушілерді даярлау көзделген.
Жоба 2025–2027 жылдарға жоспарланған. Зерттеу нәтижелері отандық фарабитану ғылымының дамуына, әл-Фараби мұрасын түпнұсқа деректер негізінде тереңірек зерделеуге және оның ғылыми-философиялық мұрасын кеңінен танытуға үлес қосады. Сонымен қатар шетелдік қолжазба қорларындағы әл-Фараби еңбектерін жинау, жүйелеу және қазақ тіліне аудару арқылы Қазақстандағы әл-Фараби мұрасын зерттеудің деректік базасын кеңейтуге мүмкіндік береді.