«Мәңгілік ел» сағаты орталық алаңға көшірілді — ҚазҰУ

«Мәңгілік ел» сағаты орталық алаңға көшірілді

25 тамыз 2026
«Мәңгілік ел» сағаты орталық алаңға көшірілді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің сәулеттік келбетін жақсарту мақсатында «Мәңгілік ел» сағат стеласының орны ауыстырылып, Фараби кітапханасы алдындағы орталық алаңға қойылды.

Стеланы көшіру және жаңа орынға орналастыру жұмыстарымен ҚазҰУ ректоры Жансейіт Түймебаев арнайы барып танысты. Нысанның жаңа орны кампустың жалпы көрінісімен үйлесім тауып, көрікті орындардың біріне айналмақ.

Университет басшысы сағат төңірегін толық абаттандырып, оның айналасында студенттердің демалуына әрі еркін білім алуына арналған жайлы аймақтар ұйымдастыруды тапсырды.

Биіктігі 19,3 метрді құрайтын «Мәңгілік ел» сағатының іргетасы төрт тұғырлы бағаналармен бекітілген. Бұл нысан 2022 жылдың қараша айында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай, университет түлектерінің арнайы тартуы ретінде орнатылған болатын. 

Бұған дейін жатақханаларға барар жолдың жиегінде орналасқан бұл стела бүгінде оқу ордасының тарихы мен дәстүрін айшықтайтын символдық нышандардың бірі.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі