- Басты бет
- Ғылым
- ҚазҰУ мен Солтүстік-Батыс политехникалық университеті NKSAT жобасының келесі кезеңдерін талқылады
ҚазҰУ мен Солтүстік-Батыс политехникалық университеті NKSAT жобасының келесі кезеңдерін талқылады
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетіне Қытай Халық Республикасының Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің делегациясы жұмыс сапарымен келді.

Делегация құрамында Солтүстік-Батыс политехникалық университетінің Астронавтика мектебінің партия хатшысы Хуан Юэ, профессор Чжан Фань және қауымдастырылған профессор Го Яохуа бар.
Сапар аясында қытайлық делегация ҚазҰУ ғалымдарымен және инженерлерімен кездесу өткізіп, екі университет бірлесіп жүзеге асырып жатқан NKSAT микроспутнигін әзірлеу жобасының қазіргі жағдайы мен алдағы жұмыс бағыттарын талқылады.
Кездесу барысында тараптар микроспутниктің ғылыми пайдалы жүктемелерін әзірлеу барысына, олардың спутниктік платформамен техникалық үйлесімділігіне, механикалық және электрлік интерфейстеріне, қоректендіру және ақпарат алмасу параметрлеріне қатысты мәселелерді қарастырды.

Қазіргі уақытта ҚазҰУ тарапынан әзірленген пайдалы жүктемелер бойынша негізгі жұмыстар аяқталып, жабдықтар финалдық тестілеу кезеңінен өтуде. Техникалық интерфейстерді толық келісу және қосылу параметрлерін растаудан кейін пайдалы жүктемелерді Қытайға спутниктік платформаға интеграциялау үшін беру жоспарланып отыр.
NKSAT жобасы аясында Қытай тарапы ғарыш аппаратының платформасын ұсынса, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ ғылыми-зерттеу пайдалы жүктемелерін әзірлеуді қамтамасыз етеді. Бірлескен микроспутникті 2026 жылдың соңында ұшыру жоспарланған.
Жобаның ғылыми міндеттерінің қатарында Жердің гравитациялық өрісін зерттеу, LoRaWAN технологиясын ғарыш жағдайында сынақтан өткізу, сондай-ақ екі университет ғалымдары мен студенттерінің жаңа инженерлік әзірлемелерін орбитада тексеру бар.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар техникалық жұмыстарды үйлестіруді жалғастыру, пайдалы жүктемелер мен спутниктік платформа арасындағы интерфейстерді түпкілікті келісу және жобаны интеграциялық кезеңге көшіру жөніндегі алдағы қадамдарды айқындады.
NKSAT жобасы Қазақстан мен Қытай арасындағы ғарыштық технологиялар саласындағы ғылыми-техникалық ынтымақтастықты дамытуға, жаңа зерттеу құзыреттерін қалыптастыруға және жас ғалымдар мен студенттерді бірлескен халықаралық жобаларға тартуға бағытталған.
Басқа жаңалықтар