Қазақстан олимпиадалық құрамасын шыңдаған ҚазҰУ оқытушылары марапатталды
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің оқытушылары халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлерін даярлауға қосқан елеулі үлесі үшін мемлекеттік наградаларға ие болды. Білім беру саласының қызметкерлерін марапаттауға арналған салтанатты рәсім Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінде өтті. Марапаттарды ведомство басшысы Жұлдыз Сүлейменова табыстады.
«Құрмет» ордені Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ физика-техникалық факультетінің доценті Гүлия Нұрбақоваға берілді. Ал химия және химиялық технология факультетінің Аналитикалық, коллоидтық химия және сирек элементтер технологиясы кафедрасының аға оқытушысы, Физика-химиялық зерттеу және талдау әдістері орталығының ғылыми қызметкері Елдана Бақытжан «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды.

Гүлия Нұрбақова ҚазҰУ-да 2009 жылдан бері еңбек етіп келеді. Физика-математика ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор. Ол жалпы және теориялық физикадан дәріс беріп, элементар бөлшектер физикасы, кванттық және ядролық физика бағыттарында зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Ұстаз 2004 жылдан бастап дарынды оқушыларды олимпиадаларға дайындауға атсалысып, Қазақстанның физикадан ұлттық құрамасының жетекшілерінің бірі ретінде ел намысын халықаралық аренада танытатын жас дарындардың шеберлігін шыңдап келеді. Оның еңбегінің нәтижесі 2026 жылғы Халықаралық физика олимпиадасында айқын көрінді. Қазақстан құрамасы мүмкін болған бес алтын медальдің бесеуін де иеленді.

Елдана Бақытжан – «Химия» мамандығы бойынша философия докторы (PhD), ҚазҰУ-дың аға оқытушысы және ғылыми қызметкері. 2023 жылдан бері химия пәнінен республикалық олимпиаданың қазылар алқасына жетекшілік етіп, олимпиадалық тапсырмаларды әзірлеуге және оқушыларды халықаралық жарыстарға дайындауға үлес қосып келеді. 2024 жылдан бастап Қазақстан құрамасының Халықаралық Менделеев олимпиадасына дайындығын басқарады. Оның жетекшілігімен жас химиктер халықаралық деңгейде жоғары нәтижелер көрсетуде. Атап айтқанда 2025 жылы ұлттық құрама сапындағы 11 қатысушының барлығы жүлдегер атанса, 2026 жылы команда қоржынына 10 медаль түсті.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Баспасөз қызметі
Басқа жаңалықтар