Жасанды интеллект дәуіріндегі жаңа буын мамандарын қалыптастыру
Жасанды интеллект бүгінде технологиялық дамудың ғана емес, экономиканың, ғылымның, білім берудің және қоғамның болашағын айқындайтын негізгі факторлардың біріне айналды. Әлемдік деңгейде жасанды интеллектіні меңгерген мамандарға сұраныс артып, еңбек нарығының талаптары өзгеріп келеді. Осындай жағдайда Қазақстан үшін заманауи технологияларды еркін меңгеретін, оларды нақты міндеттерді шешуде қолдана алатын жаңа буын мамандарын даярлау стратегиялық маңызға ие.
Осы мақсатта елімізде AI-Sana ауқымды мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. ҚазҰУ студенттері жасанды интеллектіні меңгеру жолындағы көшбасшылар қатарында.
AI-SANA ДЕГЕНІМІЗ НЕ?
AI-Sana – студенттер, магистранттар мен докторанттардың жасанды интеллект саласындағы білімдері мен практикалық дағдыларын дамытуға, сондай-ақ технологиялық кәсіпкерлікті қалыптастыруға бағытталған бірегей акселерациялық бағдарлама.
Бағдарламаның басты ерекшелігі – жасанды интеллектіні тек теориялық тұрғыдан оқытумен шектелмей, білім алушыларды оны нақты кәсіби міндеттерде қолдануға және өздерінің технологиялық жобаларын әзірлеуге бағыттауы.
AI-Sana бағдарламасында халықаралық тәжірибеге ерекше мән беріледі. Бағдарлама мазмұнын қалыптастыруда әлемнің жетекші университеттері мен халықаралық сарапшылардың тәжірибесі пайдаланылған. Оның ішінде Stanford және MIT сияқты әлемге танымал білім беру орталықтарының тәжірибесі ескерілген. Сонымен қатар DeepTech бағытындағы стартаптарды дамытуға басымдық берілуде.
AI-SANA БІЗГЕ НЕ ҮШІН ҚАЖЕТ?
Жасанды интеллектінің қарқынды дамуы Қазақстанның да кадрлық саясатына жаңа талаптар қойып отыр. Қазіргі таңда кез келген сала маманы үшін цифрлық сауаттылықпен қатар, жасанды интеллект құралдарын тиімді пайдалана білу маңызды.
AI-Sana бағдарламасының іске қосылуының негізгі мақсаты – Қазақстанда жасанды интеллектіні меңгерген жаңа буын мамандарын қалыптастыру.
Бағдарлама аясында студенттер жасанды интеллектінің негізгі қағидаларын меңгеріп қана қоймай, Python, машиналық оқыту, нейрондық желілер, тілдік модельдер және басқа да заманауи технологиялармен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады.
Ең маңыздысы – алынған білімді нақты мәселелерді шешуге қолдану. Бағдарламада энергетика, ауыл шаруашылығы, денсаулық сақтау, қаржы, білім беру және экономиканың басқа да басым салалары бойынша нақты кейстермен жұмыс істеу қарастырылған.
Осылайша AI-Sana Қазақстанның технологиялық дамуы үшін қажетті адам капиталын қалыптастыруға бағытталған.

БАҒДАРЛАМАНЫҢ ЕКІ КЕЗЕҢІ – БІЛІМНЕН ТӘЖІРИБЕГЕ ДЕЙІН
AI-Sana бағдарламасын жүзеге асыру бірнеше кезеңнен тұрады.
Алғашқы кезеңде студенттер жасанды интеллектінің базалық дағдыларын меңгеруге бағытталған курстардан өтті. Оқыту Huawei, Coursera және Astana Hub сияқты платформалар арқылы ұйымдастырылды. Ресми мәлімет бойынша, бастапқы кезеңде 650 мың студент базалық AI білімін меңгеріп, 160 мың сертификат алынған.
Екінші кезеңде бағдарлама жаңа деңгейге көтерілді. Бұл кезеңде басты назар теориялық білімнен гөрі AI-ды практикалық қолдануға, бағдарламалауға, машиналық оқытуға және технологиялық кәсіпкерлікке аударылды.
Екінші кезеңге 100 мың студентті қамту жоспарланып, білім алушыларға өздерінің AI-жобаларын әзірлеуге мүмкіндік берілді. Бағдарламаның бұл кезеңі шамамен 2,5 айға созылатын онлайн оқыту форматында ұйымдастырылды.
Демек, AI-Sana-ның басты ерекшелігі – «білім алу – дағды қалыптастыру – жоба жасау – технологиялық кәсіпкерлікке қадам басу» қағидаты.
AI-Sana-ның басты мүмкіндіктері
БАҒДАРЛАМАҒА ҚАТЫСУ СТУДЕНТТЕРГЕ БІРҚАТАР МАҢЫЗДЫ МҮМКІНДІК БЕРЕДІ.
Біріншіден, білім алушылар жасанды интеллект технологияларын кәсіби деңгейде түсінуге алғашқы қадам жасайды.
Екіншіден, теориялық білімді практикамен ұштастыруға мүмкіндік алады. Студенттер Python және Google Colab арқылы код жазып, нейрондық желілер мен тілдік модельдердің жұмыс істеу принциптерімен танысады.
Үшіншіден, технологиялық кәсіпкерлік дағдылары қалыптасады. Студенттер өз идеяларын AI-жобаға айналдырып, бизнес-жоспар әзірлеуді үйренеді.
Төртіншіден, халықаралық сарапшылардың тәжірибесімен танысуға мүмкіндік беріледі.
Бесіншіден, ең перспективалы жобалар DeepTech стартаптарына дейін дамытылуы мүмкін.
Бұл бағыттың нәтижесі қазірдің өзінде байқалады. AI-Sana ресми деректерінде Қазақстанның жоғары оқу орындарында 211 стартаптың құрылғаны көрсетілген.

Бағдарламаға Қазақстанның жетекші ЖОО-лары қатысуда
AI-Sana еліміздің жоғары білім беру жүйесін кеңінен қамтып отыр. Бағдарлама аясында әр өңірден 27 «зәкірлік» жоғары оқу орны іріктеліп, бекітілген. Бұл университеттер өз өңірлерінде және көршілес облыстарда бағдарламаны іске асыруға жауапты.
Алматы қаласы мен өңіріндегі зәкірлік жоғары оқу орындарының қатарында:
• Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті;
• Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті;
• Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университеті;
• Қазақ ұлттық аграрлық зерттеу университеті;
• Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті бар.
Бағдарламаға еліміздің басқа да жетекші жоғары оқу орындары белсенді қатысуда. Мысалы, Торайғыров университетінде AI-Sana-ның алғашқы кезеңі нәтижесінде 15 275 сертификат алынған және университет Huawei ICT Academy көрсеткіші бойынша әлемдік Топ-10 құрамына енген.
Жанерке ЕЛДОСҚЫЗЫ,
Киберқауіпсіздік және криптология кафедрасының оқу-әдістемелік және тәрбие жұмыстары жөніндегі меңгеруші орынбасары
Басқа жаңалықтар