- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ сарапшылары Алматы облысының мектеп оқушыларына сел қауіпсіздігі бойынша практикалық сабақтар өткізді
ҚазҰУ сарапшылары Алматы облысының мектеп оқушыларына сел қауіпсіздігі бойынша практикалық сабақтар өткізді
2026 жылғы 7 қыркүйекте «ТДМ кампустан тыс» бастамасы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің сарапшылары серіктестермен бірлесіп Алматы облысының екі мектебінде – Талғар қаласындағы №25 мектеп-гимназиясында және Есік қаласындағы Райымбек батыр атындағы орта мектепте оқушыларға арналған сел қауіпсіздігі бойынша ақпараттық-практикалық іс-шаралар өткізді.
Іс-шаралар ЮНЕСКО-ның «Климаттың өзгеруі жағдайында мұздық көлдердің жарылуынан Орталық Азия өңірі халқының осалдығын төмендету» (GLOFCA) жобасы аясында ұйымдастырылды. Жоба ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесі тарапынан Бейімделу қорының қаржылық қолдауымен жүзеге асырылуда. Іс-шараның негізгі мақсаты – оқушылар мен мектеп қызметкерлерінің сел ағындары мен мұздық көлдердің жарылу қаупі кезіндегі іс-қимылдар туралы хабардарлығын және практикалық дайындығын арттыру.
Іс-шараларға ЮНЕСКО-ның Алматыдағы Өңірлік кеңсесінің, ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ өкілдері, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ сарапшылары, жергілікті атқарушы және білім беру органдарының өкілдері, мектеп әкімшіліктері мен педагогикалық ұжымдар қатысты.
Жоба сарапшысы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ География және табиғатты пайдалану факультетінің Метеорология және гидрология кафедрасының аға оқытушысы Жанар Раймбекова мектеп оқушыларына сел қаупі бойынша ақпараттық сессиялар өткізді. Оқушылар сел ағындарының пайда болу себептері, мореналық көлдердің жарылу қаупі және Талғар мен Есік өзендері алаптарына тән табиғи қауіптер туралы ақпарат алды. Жергілікті жағдайлар мысалында ықтимал қауіп көзін бақылаудан бастап тиісті қызметтер мен халықты хабардар етуге дейінгі мониторинг және ерте ескерту тізбегі түсіндірілді.
Іс-шараның басты ерекшелігі ғылыми-ағартушылық жұмыстың практикалық дайындықпен ұштастырылуы болды. Ақпараттық бөлімнен кейін «Қазселденқорғау» ММ өкілдері оқушыларды ерте ескерту жүйесінің жұмыс істеу қағидаттарымен және қауіп туралы сигнал алған кездегі іс-қимыл тәртібімен таныстырды. Одан кейін екі мектепте де алдын ала белгіленген қауіпсіз жиналу орындарына ұйымдасқан түрде эвакуациялау бойынша оқу-жаттығулар өткізілді.
Жиналу орындарында оқушылар «Сигналды естідің – не істеу керек?», «Қауіпті аймақты анықта» және «Сигналды жеткіз» практикалық тапсырмаларын орындап, қауіпсіз қозғалыс бағытын анықтау және ақпаратты жеткізу дағдыларын пысықтады. Эвакуациядан кейін бақылау түгендеуі жүргізіліп, мамандар ерте ескерту жүйесінің элементтерін көрсетіп, мониторинг станцияларынан деректерді беру қағидаттарын түсіндірді.
Мұндай іс-шараларды тікелей мектептерде өткізу «ТДМ кампустан тыс» қағидатын іске асырудың нақты үлгісі болып табылады. Бұл университеттің ғылыми білімі мен сараптамалық әлеуетін жергілікті қоғамдастықтардың хабардарлығы мен табиғи қауіптерге төзімділігін арттыру үшін пайдалануға мүмкіндік береді. Ғалымдар, табиғи қауіптер саласындағы мамандар, педагогтер мен оқушылар арасындағы өзара іс-қимыл климаттық және табиғи қауіптер туралы ғылыми білімді күнделікті өмірде қолдануға болатын қауіпсіз мінез-құлық дағдыларына айналдыруға ықпал етеді.
Бастама ТДМ 4 «Сапалы білім беру», ТДМ 11 «Тұрақты қалалар мен елді мекендер», ТДМ 13 «Климаттың өзгеруіне қарсы күрес» мақсаттарына қол жеткізуге ықпал етеді. Университеттің ЮНЕСКО, мемлекеттік қызметтер және білім беру ұйымдарымен ынтымақтастығы ТДМ 17 «Тұрақты даму үшін әріптестік» қағидаттарына да сәйкес келеді.
Мұндай бастамалар университет пен қоғам арасындағы байланысты кеңейтіп, әсіресе сел қаупі бар аумақтарда тұратын жас ұрпақ арасында табиғи қауіптерге дайындық мәдениетін қалыптастыруға ықпал етеді.
Басқа жаңалықтар