БОЛАШАҚ ПЕДАГОГКЕ – ТЕОРИЯДАН ТӘЖІРИБЕГЕ — ҚазҰУ

БОЛАШАҚ ПЕДАГОГКЕ – ТЕОРИЯДАН ТӘЖІРИБЕГЕ

16 қыркүйек 2026
БОЛАШАҚ ПЕДАГОГКЕ – ТЕОРИЯДАН ТӘЖІРИБЕГЕ

2026 жылғы 16 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде Тұрақты даму мақсаттары №4  аясында болашақ қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған «Білім мазмұнының спиральді құрылымы, қысқа мерзімді жоспарлау», «Қазақ әдебиеті сабағын жоспарлаудың ерекшелігі» тақырыптарында тәжірибеге бағытталған семинар-сабақ өтті.

Семинарды әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасыныі доценті м.а, PhD докторы Гулмария Турысбековна Оспанова және «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша Кәсіби даму институты Қоғамдық-гуманитарлық бағыттағы кафедрасының аға оқытушысы, гуманитарлық ғылымдар магистрі, докторант Айжан Идрисовна Есентаева бірлесіп өткізді.

Семинарға «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығының 3-курс студенттері қатысты.

Кездесудің негізгі мақсаты – болашақ педагогтердің спиральді білім мазмұнының мәнін, оның оқу мақсаттарымен сабақтастығын түсінуіне және қысқа мерзімді жоспарды пәннің оқыту ерекшелігіне сәйкес құрастыру жолдарын тәжірибе арқылы зерделеуіне мүмкіндік беру. Семинар мазмұнында сабақ жоспарлаудың білім беру үдерісіндегі рөлі, педагогтің сабақты не үшін жоспарлайтыны, оқу мақсаты мен сабақ мақсатының байланысы, педагогикалық тәсілдерді таңдау, бағалау мен кері байланысты жоспарға кіріктіру мәселелері қамтылды.

Семинарды ашқан Гулмария Турысбековна Оспанова студенттерді сабақтың мақсатымен таныстырып, шақырылған практик-маман Айжан Идрисовна Есентаеваны таныстырды.

Тәжірибелік бөлімде Айжан Идрисовна студенттердің сабақ жоспарлау туралы бастапқы түсініктерін анықтап, «Педагог сабақты не үшін жоспарлайды?», «Тиімді жоспарлау неден басталады?», «Оқу мақсатын сабақ мақсатына қалай айналдырамыз?», «Бағалау тапсырмасы оқу мақсатымен қалай байланысады?» деген кәсіби сұрақтар төңірегінде талқылау ұйымдастырды.

Сабақ жоспарлаудың әр кезеңі нақты тәжірибелік үлгі арқылы көрсетілді. Атап айтқанда, 10-сыныптың қазақ әдебиеті пәнінен Абай Құнанбайұлының «Ескендір» поэмасы. Шығарманың негізгі тақырыбы мен идеясы тақырыбындағы авторлық қысқа мерзімді жоспар бірлесіп талданды. Жоспардың негізгі оқу мақсаты – 10.1.1.1 әдеби шығарманың сюжеттік-композициялық құрылысын талдау арқылы идеялық мазмұнын терең түсіну.

Студенттер ҚМЖ-ны талдау барысында “оқу мақсаты - сабақ мақсаты - бағалау критерийі - оқу тапсырмасы - оқушы әрекеті - бағалау - кері байланыс” арасындағы сабақтастықты нақты мысалдар арқылы зерделеді. Әсіресе, мақсатты дұрыс айқындау, сабақтың басы, ортасы мен соңындағы әрекеттерді жүйелі жоспарлау, уақытты тиімді бөлу, оқушының белсенді әрекетін ұйымдастыру мәселелеріне назар аударылды.

Қазақ әдебиетін оқыту әдістемесінің ерекшелігіне сәйкес оқылым алды – оқылым кезі – оқылымнан кейінгі тапсырмалардың өзара байланысы көрсетілді. «Ескендір» поэмасының сюжеттік-композициялық құрылымын экспозициядан шешімге дейін талдауға арналған сұрақтар арқылы студенттер көркем мәтінді жай мазмұндаудан гөрі талдау, интерпретациялау, дәлелдеу және автор ұстанымын анықтауға бағытталған тапсырмаларды құрастырудың маңызын байқады.

Семинарда қазіргі сабақтың басты ұстанымдарының бірі де ерекше атап көрсетілді: сабақтың орталығында педагогтің сөзі емес, білім алушының әрекеті тұруы тиіс. Осы тұрғыда топтық, жұптық және жеке жұмыстарды ұйымдастыру, белсенді оқыту әдістерін таңдау, бағалау критерийлері мен дескрипторларды тапсырмамен сәйкестендіру, кері байланысты жоспарлау жолдары талқыланды.

Теориялық тұжырымдар Дэвид Клустердің «Үздік сабақтың алты белгісі» мақаласындағы тиімді сабақты ұйымдастыру идеяларымен сабақтастырылып, болашақ мұғалімдерге сабақты алдын ала ойластырудың педагогтің кәсіби шеберлігін қалыптастырудағы маңызы түсіндірілді.

Семинар соңында студенттер белсенді кері байланыс беріп, сабақ жоспарлаудың мұғалім қызметіндегі жауапкершілігі мен шығармашылық қырын тереңірек түсінгендерін жеткізді. Өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, теориялық білімді мектеп тәжірибесімен ұштастыруға мүмкіндік берген бірлескен сабақ үшін ризашылықтарын білдірді.

Университет пен педагогтердің кәсіби даму институты арасындағы осындай тәжірибелік ықпалдастық – болашақ мұғалімнің жоғары оқу орнында алған теориялық білімін нақты мектеп тәжірибесімен сабақтастырудың тиімді алаңы. Бүгінгі студент – ертеңгі мұғалім. Ал сапалы сабақ сапалы жоспарлаудан басталады.

                                                     Қазақ әдебиеті және әдебиет теориясы кафедрасыныі доценті м.а, PhD докторы Гулмария Турысбековна Оспанова