- Басты бет
- Жаңалықтар
- ҚазҰУ Физика-техникалық факультетінде академиялық ұтқырлық бойынша ақпараттық кездесу өтті
ҚазҰУ Физика-техникалық факультетінде академиялық ұтқырлық бойынша ақпараттық кездесу өтті
2026 жылғы 18 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Физика-техникалық факультетінде академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысу мүмкіндіктеріне арналған студенттермен ақпараттық-түсіндіру кездесуі өтті. Іс-шараға ҚазҰУ-дың шетелдік серіктес университеттерінде білім алу мүмкіндіктеріне қызығушылық танытқан 1, 2 және 3-курс студенттері қатысты.
Кездесу ҚазҰУ-дың Халықаралық ынтымақтастық департаменті өкілдерінің қатысуымен ұйымдастырылды. Іс-шараның негізгі мақсаты студенттерге академиялық ұтқырлық бағдарламаларына қатысу тәртібін, үміткерлерге қойылатын талаптарды, қажетті құжаттар тізбесін, қабылдаушы университет пен оқу пәндерін таңдау қағидаттарын, сондай-ақ өтінімдерді дайындау және тапсыру мерзімдерін жан-жақты түсіндіру болды.
Кездесу барысында академиялық ұтқырлықтың тек шетелде білім алу мүмкіндігі ғана емес, студенттің жеке білім беру траекториясының маңызды бөлігі екеніне ерекше назар аударылды. Оқу пәндері алдын ала келісілген жағдайда, шетелдік университетте игерілген пәндер мен академиялық кредиттер ҚазҰУ-да қайта есептелуі мүмкін. Халықаралық академиялық ұтқырлық студенттерге өзге академиялық ортада білім алу тәжірибесін жинақтауға, тілдік және кәсіби құзыреттерін дамытуға, халықаралық байланыстар орнатуға, сондай-ақ оқу үдерісін өз бетінше жоспарлау дағдыларын қалыптастыруға мүмкіндік береді.
Студенттерге халықаралық академиялық ұтқырлықтың түрлі мүмкіндіктері, соның ішінде Erasmus+ және Orhun бағдарламалары таныстырылды. Қатысушыларға аталған бағдарламалардың ерекшеліктері, конкурстық іріктеу және қаржыландыру шарттары, сондай-ақ нақты білім беру бағдарламалары бойынша қолданыстағы келісімдер мен квоталардың болуын ескеру қажеттілігі түсіндірілді. Академиялық ұтқырлықтың маңызды талаптарының бірі – кейіннен академиялық кредиттерді қайта есептеу үшін оқу пәндерін алдын ала келісу.
Кездесудің жеке бөлімі қажетті құжаттарды дайындау талаптарына арналды. Студенттерге академиялық транскриптті алдын ала дайындау, төлқұжаттың жарамдылық мерзімін тексеру, шет тілін меңгерудің қажетті деңгейін растайтын құжаттарды әзірлеу және әрбір нақты конкурс талаптарын мұқият қадағалау ұсынылды. Erasmus+ бағдарламасына қатысты таныстырылған материалдарда конкурсқа қатысу үшін өтінім, ағылшын тіліндегі транскрипт, тілді меңгеру деңгейін растайтын құжат, төлқұжат, мотивациялық хат және Learning Agreement сияқты негізгі құжаттар көрсетілді.
Сонымен қатар студенттерге нақты конкурс жарияланғанға дейін дайындықты алдын ала бастау қажеттілігі түсіндірілді. Білім алушыларға өздерін қызықтыратын бағдарлама мен оқу семестрін алдын ала анықтау, мамандық пен оқыту тілінің сәйкестігін тексеру, пәндерді таңдауды эдвайзермен және факультетпен келісу, сондай-ақ негізгі құжаттарды ертерек дайындау ұсынылды. Өтінім берер алдында квотаның бар-жоғын, таңдалған пәндердің қайта есептелу мүмкіндігін, ҚазҰУ-дың ішкі құжат тапсыру мерзімін және болжамды шығындарды нақтылау маңызды.
Кездесу барысында академиялық ұтқырлық бағдарламалары шеңберінде ұсынылатын шетелдік университеттер туралы да ақпарат берілді. Таныстырылым материалдарында Erasmus+ бағдарламасы бойынша серіктестер мен ықтимал академиялық бағыттар ретінде Швеция, Испания, Португалия, Франция, Норвегия, Латвия, Литва және Хорватия университеттері көрсетілді. Сонымен бірге студенттерге белгілі бір университетке қатысу мүмкіндігі нақты конкурстың шарттарына, білім беру бағдарламасына, қолданыстағы квотаға және университетаралық келісімнің болуына байланысты екені атап өтілді.
Осындай ақпараттық кездесулер студенттерге білім алудың алғашқы курстарынан бастап өздерінің халықаралық білім беру траекториясын саналы түрде жоспарлауға мүмкіндік береді. Бірінші курс студенттері үшін бұл алдағы мүмкіндіктер мен талаптарды алдын ала зерделеп, қажетті дайындықты ертерек бастауға жағдай жасаса, жоғары курс студенттеріне академиялық көрсеткіштері мен білім беру бағдарламасының ерекшеліктерін ескере отырып, тиісті бағдарламаны таңдап, құжаттар топтамасын уақтылы қалыптастыруға көмектеседі.
Академиялық ұтқырлықты дамыту БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен (ТДМ) де үндеседі. Студенттердің халықаралық білім беру тәжірибесіне қолжетімділігін кеңейту сапалы білім алуға және білім беру мүмкіндіктерін дамытуға бағытталған ТДМ 4 – «Сапалы білім беру» мақсатын іске асыруға ықпал етеді. ҚазҰУ-дың шетелдік университеттермен өзара ынтымақтастығы және студенттердің халықаралық алмасу бағдарламаларына қатысуы институционалдық байланыстарды нығайтуға, академиялық алмасуды кеңейтуге және ұзақ мерзімді халықаралық ынтымақтастықты дамытуға бағытталған ТДМ 17 – «Тұрақты даму мақсатындағы әріптестік» қағидаттарына да сәйкес келеді.
ҚазҰУ-дың Физика-техникалық факультеті академиялық ұтқырлыққа қызығушылық танытқан студенттерге ақпараттық және консультациялық қолдау көрсетуді жалғастырып, жаңа конкурстар, қолжетімді квоталар және шетелдік серіктес университеттерде білім алу мүмкіндіктері туралы білім алушыларды жүйелі түрде хабардар ететін болады.
Басқа жаңалықтар