«Жастар және құқықтық мәдениет» атты тәрбие сағаты өтті
2026 жылғы 18 қыркүйекте сағат 11:00-де әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Биофизика, биомедицина және нейроғылым кафедрасында «Жастар және құқықтық мәдениет» тақырыбында заң саласы маманының қатысуымен тәрбие сағаты ұйымдастырылды.
Іс-шараға «6В05108 – Биомедицина» білім беру бағдарламасының қазақ және орыс бөлімдерінің 2–3 курс студенттері қатысты. Тәрбие сағатының арнайы қонағы ретінде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ Заң факультетінің Мемлекет және құқық теориясы мен тарихы, конституциялық және әкімшілік құқық кафедрасының аға оқытушысы, заң ғылымдарының магистрі Қанат Алихан шақырылды.

Іс-шараның негізгі мақсаты – жастардың құқықтық сауаттылығын арттыру, құқықтық мәдениетін қалыптастыру, өз құқықтары мен міндеттерін білуге ынталандыру, сондай-ақ заңды құрметтеу мен азаматтық жауапкершіліктің маңызын түсіндіру.
Кездесу барысында құқықтық мәдениет ұғымы, жастардың қоғамдағы құқықтары мен міндеттері, заң талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтың алдын алу және азаматтық жауапкершілік мәселелері талқыланды. Қанат Алихан студенттермен кәсіби тәжірибесімен бөлісіп, құқықтық сауаттылықтың күнделікті өмірдегі маңызына тоқталды. Сонымен қатар заңды білу, өз құқықтарын дұрыс пайдалану және құқықтық мәселелерге саналы көзқарас қалыптастыру жөнінде пайдалы ақпарат берді.

Студенттер тәрбие сағатына белсенді қатысып, құқық пен міндеттің арақатынасы, жауапкершілік, құқық бұзушылықтың алдын алу және заң алдындағы теңдік мәселелері бойынша өз пікірлерін ортаға салды.
Тәрбие сағатының соңында студенттер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қонақпен еркін пікір алмасты. Кездесу жастардың құқықтық білімін кеңейтуге, заңға деген құрметін арттыруға және азаматтық жауапкершіліктің маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
«Жастар және құқықтық мәдениет» тәрбие сағаты студенттердің құқықтық мәдениетін қалыптастыруға, азаматтық жауапкершілігін арттыруға және қоғамдағы заңдылық пен тәртіптің маңызын түсіндіруге бағытталған мазмұнды кездесу болды.
Басқа жаңалықтар