- Басты бет
- Жаңалықтар
- Мәнсия САДЫРОВА профессор: Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы жалпыұлттық зерттеу керек
Мәнсия САДЫРОВА профессор: Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық туралы жалпыұлттық зерттеу керек
Соңғы кездері қоғамда әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылық, яғни күш көрсету оқиғалары жиіліп кетті. Әлеуметтік желіні ашып қалсаң, күнде алдыңнан бір оқиға шыға келеді. Мамандар кейінгі жылдары күйеуінің қолынан қаза тапқан әйелдер оқиғасының көбейгенін айтып отыр. Бұл дабыл қағатын жағдай. Бір өкініштісі, мамандардың айтуына қарағанда, әйелге зорлық-зомбылық көрсететін әлгі абьюзерлердің дені сауатты, жоғары білімді адамдар екен. Бүгінгі білім алушы жастардың, әсіресе ер-азаматтардың зорлық-зомбылыққа бейіл болмауы үшін не істеуіміз керек? Мұндай оқиғалардың алдын алуға не кедергі? Қоғамдағы осы және өзге де өзекті мәселелер жөнінде Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың профессоры, әлеуметтанушы Мәнсия Сапарғалиқызымен «Qazaq universiteti» газетінің тілшісі сөйлескен еді.
– Мәнсия Сапарғалиқызы, қоғамда соңғы кездері әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық оқиғалары тым көбейіп кетті. Оның себебі неде?
– Бүгінгі таңда «тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес» деген түсінік қолданыста кең таралып кетті. Десек те, біздің қоғамда бір адамның екіншісінен зардап шегетіндей күш көрсету оқиғалары тыйылмай отыр. Керісінше, қоғам болып, ел болып, заң шығарып, жаза қатаңдатылған сайын жан шошытарлық оқиғалар күн сайын орын алуда десек, артық айтқандық емес. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев заңнамалық деңгейде қабылданып жатқан іс-шаралар туралы айта келіп, әйелдерге қатысты тыйым салынған мамандықтар тізімін қайта қарауға шақырды. Сондай-ақ әйелдер мен балаларды әлеуметтік және құқықтық тұрғыдан қолдауды күшейту жолдарына тоқталды. Атап айтқанда әйелдер мен қыздарға қатысты зорлық-зомбылықтың таралуы туралы жалпыұлттық зерттеу жұмысын қолға алу жөнінде шешімін айтты. Міне, осы жалпыұлттық зерттеу жұмысына мемлекет қолдау көрсетуі қажет. Сонымен бірге біздің Президентіміз гендерлік теңдік және зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша озық тәжірибемен бөлісу үшін Орталық Азияда өңірлік білім платформасын құру туралы бастама көтерді.
Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылық – бұл жыныстық белгісіне негізделген кез келген зорлық-зомбылық актісі, ол әйелдерге физикалық, жыныстық, психологиялық зиян келтіруге немесе азаптауға бағытталған болуы мүмкін. Бұған қауіп-қатер, мәжбүрлеу немесе еріксіз бостандықтан айыру да кіреді. Бұл ұғым халықаралық деңгейде де қабылданған: БҰҰ-ның «Әйелдерге қатысты зорлық-зомбылықты жою туралы декларациясында». Бұл мәселе әлемде де, Қазақстанда да өзекті болып отыр.
Қазіргі Қазақстан қоғамында әйелдерді өлтіру, ұрып-соғу, артынан қалмай қысым жасау, өз-өзіне қол салуға дейін апару оқиғалары белең алуда. Қазақстан әйелдерінің 22 пайызы психологиялық, ал 17 пайызы жыныстық зорлықтың құрбаны екен. Бұл ресми дерек. «БҰҰ – Әйелдер» құрылымының Қазақстандағы өкілдігі «Тұрмыстық зорлық-зомбылыққа душар болатын қыз-келіншектер саны бұдан да көп» дейді. Әйелдерге қатысты жасалатын зорлық-зомбылықтың ерекшелігі және зерттеу қиындығы бұл мәселеде жоғары латенттілік басым. Көп жағдайда оқиғалар тіркелмейді немесе толық көрсеткіштер жиналмайды. Тұрмыстық зорлық-зомбылық көрінісі отбасы аясынан аспайды. Өйткені әйелдер өздерінің ұстанымына байланысты отбасындағы жағдайды айта бермейді. Оған отбасындағы тәрбие, дәстүр, қалыптасқан стереотиптер әсер етеді. Әйелдер көбіне «ата-анамның абыройын түсірмейін, кір келтірмейін, балаларыма әке керек» деген ұстанымда болады. Демек, әйелдің психологиялық әлсіздігі, көнбістігі, кейде кете алмайтын шарасыздығы өлімге дейін апарады. Бұл жерде жұбайлардың некесінің тең болмауы да отбасылық қақтығысқа алып келеді. Жұбайлардың әлеуметтік-экономикалық жағдайы да бұл мәселеде әсер етеді. Себебі әйелдердің экономикалық теңдігі оның әлеуметтік қауіпсіздігіне ықпал етеді. Дегенмен әйелдердің статустық басымдығы да отбасындағы келіспеушілікке алып келеді. Сонымен қатар құқықтық тілде «отбасылық тиран» деген түсінік бар. Оның әлеуметтік портреті де жасалған, сіздер оны білесіздер деген ойдамын. Ол – тұрақты жұмыс істемейтін, жасы 30-дан асқан, бұрын қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілікке тартылған, орта немесе орта арнаулы білімі бар, моральдық келбеті келіссіз адамдар. Абьюзер ер адам сауатты, жоғары шенді адам бола беретінін «Салтанат оқиғасы», одан да басқа оқиғалар көрсетіп отыр. Отбасының шырқын бұзатын да көбіне осы абьюзерлер екен.
– Мұндай оқиғаларды жоюдың амалы қандай?
– Зорлық көрген әйелдердің 30 пайызы отбасына оралады. Яғни зорлық көрген әрбір жетінші әйел. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте «Жан-Сая» дағдарыс орталығының заңгері Гүлшара Сапарова мәлімдеді. Оның сөзінше, дағдарыс орталығының көрсеткіштеріне сәйкес, әрбір үшінші әйел өз отбасына оралатын көрінеді. Әлемдік тәжірибеге сәйкес, егер зардап шеккен адам агрессорға қайтып баратын болса, агрессиялық шеңбер үзілмейді.
Қазір елімізде 31 дағдарыс орталығы бар. Олар тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген қыз-келіншектерге қолдау көрсетіп, өздерін қорғай алуы үшін арнайы нұсқама береді. Биыл 9 айда 50 мыңнан астам әйелге нұсқама беріліп, 5 мыңдай құқық бұзушыға шара қолданылған.
Отбасындағы құқық бұзушылықтың негізгі себептері – алкогольдік ішімдік ішу, қызғаныш, материалдық қиындықтар, ажырасу кезіндегі келіспеушіліктер және басқа да тұрмыстық мәселелер.
Әйелді ұрып-соқпайтын қоғам әлі орнамады. Отбасында әйелдің күнара көгала қойдай таяқ жеп, тіпті мүгедек, майып болатыны да жиі кездеседі. Қол жұмсағандар жазаланып та жатыр. Темір торға тоғытылып та келеді. Бірақ мұндай жазалардың әйелге күш көрсететіндерді үркіте алар түрі көрінбейді. Сондықтан ата-анаға бала тәрбиесін қандай жағдайда да уысынан шығаруға болмайды. «Тәрбие – тал бесіктен». Қазір балаларды әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр. Олар неше түрліні содан көреді. Одан кейін отбасында ата-ана өздерін қалай ұстайды, бұл да үлкен мәселе. Күнде ұрыс-керіс, жанжал арасында өскен баланың жүйкесі де дұрыс болмайды. Жастайынан психикасы бұзылған баладан не күтуге болады? Өсе келе өзі де агрессияға бейім екенін білмей қалады. Сондықтан зорлық-зомбылық тамырының психологиялық, әлеуметтік, экономикалық астары басым. Жастарды одан құтқару үшін отбасынан бастап, балабақша, орта мектеп, жоғары білім ошақтары қостап, жан-жақты тәрбие, сақтық шараларын ұсынуымыз керек. Сонда ғана қандай да бір нәтиже күтуге болатын шығар. Дегенмен бір айта кетерлігі, соңғы статистикалық деректер әйелдерге зорлық 7,5 пайызға төмендегенін көрсетеді. Бұл да қоғамда іске асып жатқан іс-шаралардың жетістігі. Жұбайлардың бір-біріне ықпалы, бірге дамуы, қамқорлық, мейірім, отбасылық жағдайды бірге шешуі отбасының қалыпты дамуына алып келеді. Бүгінгі білім алушы жастар осыны естен шығармағаны абзал.
– Әңгімеңізге рақмет.
Сұхбатты жүргізген
Гүлзат НҰРМОЛДАҚЫЗЫ