ҚазҰУ археолог ғалымдары Сырдария және Қармақшы аудандарында далалық барлау жұмыстарын жүргізді — ҚазҰУ

ҚазҰУ археолог ғалымдары Сырдария және Қармақшы аудандарында далалық барлау жұмыстарын жүргізді

10 қыркүйек 2026
ҚазҰУ археолог ғалымдары Сырдария және Қармақшы аудандарында  далалық барлау жұмыстарын жүргізді

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Тарих факультеті Археология, этнология және музеология кафедрасының ғылыми жобалары аясында Қызылорда облысының Сырдария және Қармақшы аудандары аумағында далалық барлау экспедициясы өтті.

Ғылыми экспедиция профессор-зерттеуші Тәттігүл Қартаеваның жетекшілігімен жүзеге асырылып жатқан AP26199955 «Қазақ халқының жабайы табиғаттағы “тірі ескерткіш” пен биоалуандылықты сақтауға қарым-қатынасын этно-антропозоология, құқықтық этнология тұрғысынан зерттеу» және доцент-зерттеуші Айнұр Бейсегулова жетекшілік ететін AP26197945 «Этно-эко жүйедегі Солтүстік және Оңтүстік Қызылқұмды этнографиялық және этноархеологиялық зерттеу» жобалары шеңберінде ұйымдастырылды. Далалық жұмыстарға профессор Мадияр Елеуов жетекшілік етті.

Зерттеу барысында Талсуат (Қубас), Кемесалған және Қорқыт ата өткелдері, Сортөбе төрткүлдері (IX–XII ғғ.), Шірік-рабат мәдениетіне жататын Алыпқорған бекінісі (б.з.д. III–II ғғ.), Жаман Ақтөбе (I–XIII ғғ.), Аққорған және Ботабай төрткүлі сияқты маңызды археологиялық нысандар зерделенді.

Сонымен қатар, Алыпқорған, Жаман Ақтөбе және Ботабай төрткүлінде ескерткіштердің құрылымдық ерекшеліктерін, қабырға енін, мәдени қабаттың қалыңдығын және хронологиялық кезеңдерін нақтылау мақсатында шурфтау жұмыстары жүргізілді.