«Дұрыс тамақтану және өмір салты»: студенттерге арналған семинар-тренинг — ҚазҰУ

«Дұрыс тамақтану және өмір салты»: студенттерге арналған семинар-тренинг

21 қыркүйек 2026
«Дұрыс тамақтану және өмір салты»: студенттерге арналған семинар-тренинг

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Экономика және бизнес жоғары мектебінің экономика кафедрасында «Экономика»  1-курс қазақ тобы студенттерінің қатысуымен «Дұрыс тамақтану және өмір салты» тақырыбында семинар-тренинг өткізілді. 

Іс-шараның негізгі мақсаты – студенттерге дұрыс тамақтанудың адам денсаулығы мен күнделікті өмірдегі маңызы туралы түсінік қалыптастыру, салауатты өмір салтын ұстануға ынталандыру және өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға бағыттау.

Семинар барысында студенттер дұрыс тамақтанудың негізгі қағидаларымен танысып, күнделікті рационды тиімді ұйымдастыру, су ішу тәртібі, көкөністер мен жемістердің, ақуызға және пайдалы майларға бай тағамдардың адам ағзасы үшін маңызы туралы пікір алмасты. Сонымен қатар фастфуд, қант мөлшері жоғары сусындар мен тағамдарды шамадан тыс тұтынудың кері әсерлері талқыланды.

Семинар-тренингтің маңызды ерекшелігі – студенттердің белсенді қатысуына басымдық берілуі. Қатысушылар бірнеше топқа бөлініп, практикалық тапсырмалар орындап, өзара пікір алмасты. Әр топқа дұрыс тамақтану мен салауатты өмір салтына байланысты шағын жоба әзірлеу ұсынылды.

Студенттер «Бір күндік дұрыс тамақтану мәзірі», «Салауатты өмір салтының негізгі қағидалары», «Пайдалы және зиянды тағамдар», «Студент денсаулығын сақтаудың тиімді жолдары» тақырыптарында өз жобаларын дайындап, қорғады. Топтық жұмыс барысында студенттер шығармашылық қабілеттерін көрсетіп, өз ойларын дәлелдеуге және бір-бірінің пікірін тыңдауға мүмкіндік алды.

Іс-шара барысында дұрыс тамақтану белгілі бір уақытқа арналған диета емес, күнделікті өмір салтының маңызды бөлігі екендігі атап өтілді. Сонымен қатар жеткілікті ұйқы, дене белсенділігі, таза ауада серуендеу, оқу мен демалысты тиімді ұйымдастырудың маңызы талқыланды.

Семинар-тренинг мазмұны Біріккен Ұлттар Ұйымының Тұрақты даму мақсаттарымен тығыз байланысты. Атап айтқанда, іс-шара ТДМ 3 – «Жақсы денсаулық және әл-ауқат», ТДМ 4 – «Сапалы білім беру» және ТДМ 12 – «Жауапты тұтыну және өндіріс» мақсаттарын жүзеге асыру бағыттарына сәйкес келеді.

Семинар соңында студенттер өз әсерлерімен бөлісіп, күнделікті өмірде пайдалы әдеттерді қалыптастыру жөніндегі ұсыныстарын айтты.

 «Дұрыс тамақтану және өмір салты» семинар-тренингі студенттердің денсаулық мәдениетін арттыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және жастардың өз денсаулығына саналы әрі жауапты көзқарасын қалыптастыруға бағытталған маңызды тәрбиелік іс-шара болды.

Ұйымдастырушылар: Табеев Т.П., Бейжанова Д.Т..

Өткізілген күні: 21- қыркүйек, 2026 жыл

Факультет: Экономика және бизнес жоғары мектебі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ