Халықаралық зерттеу жобасы аясында Photovoice әдісіне арналған ғылыми-тәжірибелік кездесу өтті — ҚазҰУ

Халықаралық зерттеу жобасы аясында Photovoice әдісіне арналған ғылыми-тәжірибелік кездесу өтті

28 қыркүйек 2026
Халықаралық зерттеу жобасы аясында Photovoice әдісіне арналған ғылыми-тәжірибелік кездесу өтті

«Building Qualitative Research Skills in Kazakhstan: Training Social Work Future Educators to Partner with Marginalized Communities» халықаралық зерттеу жобасы аясында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Философия және саясаттану факультетінің Әлеуметтану және әлеуметтік жұмыс кафедрасының оқытушылары, зерттеушілері мен докторанттарының қатысуымен кезекті онлайн ғылыми-тәжірибелік кездесу өтті.

Сессияны Гонконг политехникалық университетінің (The Hong Kong Polytechnic University) Қолданбалы әлеуметтік ғылымдар департаментінің қауымдастырылған профессоры, доктор Crystal Kwan жүргізді. Кездесудің негізгі тақырыбы сапалық деректерді жинаудың партисипаторлық визуалды әдістерінің бірі — Photovoice және оны әлеуметтік жұмыс саласындағы зерттеулерде қолдану мүмкіндіктері болды.

Кездесу қатысушылардың эмоционалдық жағдайы мен сессиядан күтетін нәтижелерін анықтауға бағытталған интерактивті Feelings Wheel жаттығуымен басталды. Одан кейін қатысушылар шағын топтарда жұмыс істеп, докторанттардың зерттеу сұрақтарын талқылады және Photovoice әдісін олардың диссертациялық зерттеулеріне енгізу мүмкіндіктерін қарастырды.

Талқылау барысында визуалды әдістердің дәстүрлі сұхбат барысында әрдайым толық ашыла бермейтін тәжірибелерді, эмоциялар мен көзқарастарды анықтаудағы әлеуетіне ерекше назар аударылды. Докторанттардың зерттеу тақырыптары аясында кәсіби бірегейлік, мүгедектігі бар балалар мен олардың отбасыларын әлеуметтік қолдау, көші-қон тәжірибесі, сондай-ақ маргиналданған және осал топтармен зерттеу жүргізу мәселелері қарастырылды.

Сонымен қатар, Photovoice әдісін қолданудың этикалық аспектілері кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, ақпараттандырылған келісім алу, құпиялылықты сақтау, фотоматериалдарға меншік және оларды пайдалану мәселелері, зерттеуге қатысушыларды визуалды түрде ұсыну, сондай-ақ балалармен және осал топтармен жұмыс істеу кезіндегі қосымша этикалық талаптар сөз болды.

Кездесудің маңызды бөлігі жоба аясында қандас жастардың тәжірибесін зерттеуде Photovoice әдісін қолдану мүмкіндіктеріне арналды. Қатысушылар Photovoice қолданылған зерттеулердің мысалдарын қарастырып, тұрғын үй жағдайы, тілдік кедергілер, мәдени бейімделу, бірегейлік және жастардың күнделікті өмірлік тәжірибесіне қатысты ықтимал зерттеу тақырыптары мен сұрақтарын талқылады. Бұл идеялар жобаның зерттеу дизайнын одан әрі жетілдіруге негіз болады және алдағы кездесулер барысында талқылау жалғасады.

Сессия соңында қатысушылар Photovoice әдісінің өз зерттеулеріндегі маңыздылығы мен оны әлеуметтік жұмыстағы партисипаторлық зерттеулерде қолдану мүмкіндіктері туралы пікірлерімен бөлісті.

Кездесудің ерекше әрі мазмұнды қорытындысы ретінде Жанар Нұрахметова дәстүрлі қазақ батасын берді. Бұл сәт халықаралық жоба аясында қалыптасқан өзара құрмет, мәдени алмасу және әріптестік қолдау атмосферасын айқын көрсетті.

Жоба әлеуметтік жұмыс саласындағы жас зерттеушілердің сапалық зерттеу құзыреттерін дамытуға, партисипаторлық зерттеу әдістерін қолдану аясын кеңейтуге, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Гонконг политехникалық университеті арасындағы академиялық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған.

Жоба Орталық Азиядағы тұрақты даму жөніндегі PolyU-KazNU орталығы аясында жүзеге асырылып, Гонконг политехникалық университеті мен әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті арасындағы бірлескен ғылыми-зерттеу бастамаларын дамытуға және академиялық ынтымақтастықты нығайтуға ықпал етеді.