- Басты бет
- Жаңалықтар
- «Күзгі мереке, Қытайдың Ұлттық күні және бірінші курс студенттерін қарсы алу» атты мерекелік кеш ҚазҰУ-да өтті
«Күзгі мереке, Қытайдың Ұлттық күні және бірінші курс студенттерін қарсы алу» атты мерекелік кеш ҚазҰУ-да өтті
2026 жылғы 24 қыркүйекте әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің Шығыстану факультетінде қытайтану кафедрасы жанындағы «Ұлы Жібек жолы» үйірмесінің ұйымдастыруымен «Күзгі мереке, Қытайдың Ұлттық күні және бірінші курс студенттерін қарсы алу» атты мерекелік кеш өтті.
«Толған ай аспанда жарқырап, ел өркендей берсін!» деген ізгі ниетпен оқытушылар мен студенттер екі маңызды мерекені – Күз ортасы мерекесін және Қытай Халық Республикасының құрылғанына 77 жыл толуын бірге атап өтті.
Іс-шараға Қытай Халық Республикасының Алматыдағы Бас консулдығының білім беру мәселелері жөніндегі консулы Хуан Сяомин ханым қатысты. Ол студенттерді мерекемен қазақ тілінде құттықтап, оларға оқуда табыс пен болашақта үлкен жетістіктер тіледі.
Шығыстану факультетінің қытайтану кафедрасының профессоры Алдабек Нұржамал Әбдіразаққызы бірінші курс студенттерін мерекемен құттықтап, оларға оқуында сәттілік тіледі. Сонымен қатар жаңа студенттерді университет өміріне белсенді араласуға және Қазақстан мен Қытай арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтатын көпір болуға шақырды.
Факультет деканының ғылыми-инновациялық жұмыс және халықаралық ынтымақтастық жөніндегі орынбасары Монтанай Эльмира Әзімбайқызы құттықтау сөз сөйлеп, қытайлық студенттерді мерекелерімен құттықтады.
Мерекелік бағдарлама мазмұнды әрі әсерлі шығармашылық қойылымдарға толы болды. Студенттер көрермендер назарына қазақ және қытай билерін, қазақ және қытай тілдеріндегі әндерді, сондай-ақ домбырамен орындалған күйді ұсынды. Ұлттық өнерді дәріптеген музыкалық және би нөмірлері Қазақстан мен Қытай мәдениеттерінің өзара байланысы мен достығын айқын көрсетті.
Концерттік бағдарламаға Жолдыгүл Ислам, Ануарбек Еңлік, Бекжанова Еңлік, Орден, Амантай Ақарыс, Амантай Айдана, Би Имамбек Айзере, Қуанышбек Шуғыла, Өтеген Асель, Би Талғат Парида, Велижанова Мадина, Орымбай Ұлбосын, Ақбөкен Еларыс, Ван Сюй, Қуаныш Ақнұр Нұржанқызы, Маратқызы Данэля, Мұқымжан Жұлдыз, Ли Чжисюань, Син Тайхун қатысты. Студенттердің өнер көрсетулері көрермендердің ыстық ықыласы мен зор қошеметіне бөленді.
Іс-шараны «Ұлы Жібек жолы» үйірмесінің жетекшісі Дүйсенбай Құлпынай жүргізді.
Мерекелік кеш дәстүрлі мерекелерді атап өтумен қатар, студенттердің өзара танысып, еркін қарым-қатынас жасауына мүмкіндік берген маңызды мәдени алаңға айналды. Әсіресе бірінші курс студенттері үшін бұл кеш университет өміріне тезірек бейімделуге, Қазақстан мен Қытай мәдениетімен танысуға және жаңа достық байланыстар орнатуға ықпал етті.
Мұндай мәдени іс-шаралар екі ел жастары арасындағы өзара түсіністікті нығайтып, Қазақстан мен Қытай арасындағы гуманитарлық және білім беру салаларындағы ынтымақтастықты дамытуға ықпал етеді. Алдағы уақытта «Ұлы Жібек жолы» үйірмесі мәдени-ағартушылық іс-шараларды ұйымдастыруды жалғастырып, мәдениетаралық диалогты кеңейтуге және Қазақстан мен Қытай арасындағы достықты нығайтуға бағытталған жобаларды жүзеге асырады.
.jpeg)

Басқа жаңалықтар