Өмірге құштарлық және кәсіби мотивация
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің «Цифрлық медиадағы драматургия» мамандығының 4-курс студенттері мен куратор Назкен Жансерікқызының ұйымдастыруымен «Өмірге құштарлық және кәсіби мотивация» тақырыбында 17 қыркүйек күні Киокушинкай каратэ жаттықтырушысы, Қазақстан Республикасының спорт шебері, қара белбеу иегері Оразалиев Ержан Абсатұлымен онлайн форматта кездесу өтті.
Бұл жолғы шараның басты ерекшелігі – студенттер университеттің аудиториясында жиналса, қонақ қала сыртындағы табиғат аясынан тікелей эфирге байланысқа шықты. Кездесуді осындай форматта өткізудің мақсаты – қаланың қарбаласы мен төрт қабырғадан тыс таза ауаның тынысын көрсету, жастарға салауатты өмір салтының маңыздылығын нақты мысалмен ұғындыру және табиғат пен адам рухының үндестігі арқылы өмірге деген құштарлықты ояту еді.
Аудитория мен табиғат арасындағы байланыс ерекше әсерлі өрбіп, өзара сұрақ-жауап форматына ұласты. Кездесу барысында студент аудиториядан: «Ержан ағай, бүгінгі кездесуіміздің табиғат аясыда өтіп жатуының ерекше бір себебі бар шығар?» – деп сауал қойды. Оразалиев Ержан бұған:
«Иә, бұл кездейсоқ емес. Жалпы табиғат – рухты шыңдайтын, ойды тазартатын мекен. Аудиторияда отырған сіздерге қаланың күйбең тіршілігінен бір сәтке де болса қол үзіп, табиғаттың тынысты кеңістігін сездіргім келді. Төрт қабырғадан шаршаған кезде табиғатқа шығу – адамға ерекше күш береді», – деп жауап берді.

Сондай-ақ студенттердің бірі спорттағы қиындықтар мен ішкі мотивация жайында сұрады. Спортшы өз кезегінде:
«Шаршау – бұл қалыпты жағдай, бастысы – тоқтап қалмау. Мен үшін ең басты мотивация – бүгінгі жасаған қадамым ертеңгі жетістігімнің іргетасы екенін түсіну. Дәл осындай табиғат аясына шығып, таза ауада тыныстаудың өзі миды тынықтырып, жаңа күш сыйлайды», – деп ой бөлісті.

Жиын соңында қатысушылар спортшыға қара белбеу мен спорт шебері атағына жету жолдары туралы сұрақ қойды. Бұған қонақ:
«Ең бастысы – табандылық пен тәртіп. Талап бір күнде өзгеруі мүмкін, бірақ күнделікті жүйелі еңбек қана нәтиже береді. Қара белбеу – бұл тек техникалық шеберлік емес, бұл өмірлік ұстаным, жауапкершілік. Әрқайсыңыз өз салаларыңыздың нағыз кәсіби маманы болуға ұмтылыңыздар», – деп түйіндеді.
Аудитория мен экран арқылы тікелей жалғанған бұл кездесу болашақ мамандарға кәсіби бағдар беріп қана қоймай, өмірге деген құштарлық пен жаңа белестерге ұмтылуға үлкен рухани серпіліс сыйлады. Ержан Абсатұлының шәкірттерімен бірге жеткен жетістіктері – ұстаз еңбегінің, тынымсыз ізденісінің және шәкірттеріне деген зор сенімінің айқын көрінісі.

Әрбір жеңіс пен жетістік – шәкірттің маңдай тері мен талпынысының ғана емес, оны сол биікке жетелеген ұстаздың да еңбегінің жемісі.

Басқа жаңалықтар