Заң факультетінде «Жүрек жылуы – ұстазға» атты алғыс кеші өтті — ҚазҰУ

Заң факультетінде «Жүрек жылуы – ұстазға» атты алғыс кеші өтті

1 қазан 2026
Заң факультетінде «Жүрек жылуы – ұстазға» атты алғыс кеші өтті

    Қазақстан Республикасының жоғары білім қызметкерлері күніне орай 1 қазанда сағат 10:00-де Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің заң факультетінің 305-аудиториясында студенттердің ұстаздарға арналған «Жүрек жылуы – ұстазға» атты алғыс кеші өтті. Іс-шараны Қылмыстық құқық, қылмыстық іс жүргізу және криминалистика кафедрасы мен «Шапағат» студенттік волонтерлік клубы (СВК) бірлесіп ұйымдастырды.
     Кеш барысында студенттер ұстаздарына арнап жазған хаттарын оқып, оларды гүлмен және конвертпен табыстады. «Студенттер не дейді?» бейнеролигі көрсетіліп, ұстаздарға деген ризашылықты білдірген ән мен домбыра күйі орындалды. Қатысушылар «Бір сөзбен» интерактивті тапсырмасы арқылы ұстаздарын сипаттап, «Бұл сөзді кім айтады?» ойынында ұстаздардың сабақ үстінде жиі айтатын сөздерін табуға тырысты.
   Бағдарламаның маңызды бөлігі студенттер арасында жүргізілген анонимді сауалнама нәтижесі бойынша берілген алғыс номинациялары болды. Олар ресми марапат емес, шәкірттердің ықыласының белгісі ретінде табысталды. Номинациясыз қалған ұстаздарға студенттердің алғыс сөздері жазылған «Жылу конверттері» тапсырылды. «Ашық микрофон» кезінде кез келген студент ұстазына алғысын тікелей жеткізе алды, ал ардагер ұстаз шәкірттеріне жауап сөз арнады.
     Кеш «Жүрек шамдары» акциясымен аяқталды: қатысушылар телефон шамдарын жағып, ұстаздар еңбегіне құрмет көрсетті. Соңында барлығы ортақ естелік суретке түсті.
Ұйымдастырушылар кештің мақсаты – ұстаз бен шәкірт арасындағы өзара құрмет пен сенімді нығайту екенін атап өтті.