Ақсу-Жабағылыға – 100 жыл: болашақ үшін мұра — ҚазҰУ

Ақсу-Жабағылыға – 100 жыл: болашақ үшін мұра

1 қыркүйек 2026
Ақсу-Жабағылыға – 100 жыл: болашақ үшін мұра

2026 жылғы 27 тамызда әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің География және табиғатты пайдалану факультетінде «Ақсу-Жабағылыға – 100 жыл: болашақ үшін мұра. Орталық Азиядағы алғашқы қорықтың биоалуантүрлілікті сақтаудағы рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының оқытушылары мен білім алушылары, Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының, ҚР Зоология институтының және Экожүйелер мен биоалуантүрлілікті қорғау бойынша Орталық Азия-Германия  институтының өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел Орталық Азиядағы алғашқы қорық — Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының 100 жылдығына арналды. Қорық Батыс Тянь-Шаньның бірегей биоалуантүрлілігін сақтауда маңызды рөл атқарады. Іс-шара барысында қатысушылар қорықтың тарихын, табиғатты қорғау қызметінің қазіргі бағыттарын, экологиялық ағартуды, ғылыми зерттеулерді және одан әрі даму перспективаларын талқылады.
Бағдарламаның маңызды бөлігін Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығының Экологиялық ағарту және туризм бөлімінің басшысы Эльмира Пердебаевна Джуманованың онлайн баяндамасы құрады. Ол өзінің кәсіби қызметінің 20 жылдан астам уақытын қорықпен байланыстырып, экологиялық тәрбие беру, табиғи мұраны насихаттау және экологиялық бағыттарды ұйымдастыру жұмыстарымен айналысып келеді.


Баяндама барысында Эльмира Джуманова қатысушыларға Ақсу-Жабағылы аумағы мен оның табиғи алуантүрлілігін таныстырған мазмұнды презентация ұсынды. Презентацияда қорықтың бірегей экожүйелері, тау жоталары, табиғи ландшафттары, өсімдіктері мен жануарлар дүниесі, сондай-ақ негізгі қызмет бағыттары көрсетілді.
Қорықтың табиғи кешендерді қорғау, биоалуантүрлілікті сақтау, экологиялық ағарту және экологиялық туризмді дамыту бағытындағы жұмысына ерекше назар аударылды. Көрнекі материалдар қатысушыларға Ақсу-Жабағылының табиғи аумақтарының ерекшеліктерін танып, қорықтың өңірдің табиғи мұрасын сақтаудағы маңызын тереңірек түсінуге мүмкіндік берді.
«Биоалуантүрлілікті сақтаудағы және Тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізудегі ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың рөлі» тақырыбында ғылыми баяндаманы Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО кафедрасының ассистент-профессоры О.А. Зубова жасады. Өз баяндамасында ол ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың биоалуантүрлілікті сақтаудың және тұрақты дамуды қамтамасыз етудің маңызды құралы ретіндегі маңыздылығын атап өтті.
Дөңгелек үстел барысында Қазақстан Республикасы Зоология институтының ғалым-хатшысы, аға ғылыми қызметкері Г.Б. Танабекова «Батыс Тянь-Шаньның жануарлар дүниесінің алуан түрлілігі» тақырыбында баяндама жасады. Ұсынылған зерттеулер Қазақстан Республикасы Зоология институтының қызметкерлері «Батыс Тянь-Шань жабайы жануарларын сақтау және ұтымды пайдалану мақсатында олардың кадастрын жүргізудің ақпараттық жүйесін әзірлеу» бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру (БНҚ) аясында жүргізілді.
Баяндамада халықаралық табиғатты қорғау маңызы бар және ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мұра тізіміне енгізілген бірегей трансшекаралық табиғи өңір — Батыс Тянь-Шаньның қазіргі фаунасына жүргізілген кешенді бағалаудың нәтижелері ұсынылды.
Баяндаманың соңында Г.Б. Танабекова тұрақты пәнаралық мониторинг жүргізудің, ғылыми деректер базасын жүйелі түрде жаңартудың, сондай-ақ зерттеу нәтижелерін табиғатты қорғау іс-шараларын әзірлеу және инфрақұрылымдық жобаларды жоспарлау кезінде ескерудің қажеттілігін атап өтті. Жүргізілген зерттеулер Батыс Тянь-Шаньның бірегей фаунасын сақтаудың маңызды ғылыми негізін қалыптастырады.
Іс-шараның танымдық бөлігін Экожүйелер мен биоалуантүрлілікті қорғау бойынша Орталық Азия-Германия институтының өкілі К.К. Хамитова дайындаған «Ақсу-Жабағылыны білесің бе?» атты зияткерлік викторина толықтырды. Викторина қатысушыларға қорықтың тарихы, табиғаты мен биоалуантүрлілігі туралы білімдерін интерактивті форматта тексеруге мүмкіндік берді.
Дөңгелек үстел оқытушыларды, зерттеушілерді, табиғатты қорғау ұйымдарының өкілдерін, докторанттарды, магистранттар мен студенттерді біріктірді. Іс-шара кәсіби пікір алмасу алаңына айналып, жас ұрпақтың биоалуантүрлілікті және Қазақстанның табиғи мұрасын сақтау мәселелеріне назарын аударуға мүмкіндік берді.
Ақсу-Жабағылының 100 жылдығы — табиғи мұраға ұқыпты қараудың және оны болашақ ұрпақ үшін сақтауға бағытталған жұмысты жалғастырудың маңыздылығын еске салатын айтулы дата.