Шығыстану факультеті Хинди тілі күнін атап өтті
2026 жылғы 29 қыркүйекте Тұрақты даму мақсаттарының (ТДМ) 4-мақсаты – «Сапалы білім» аясында, атап айтқанда мәдени әртүрлілік, жаһандық азаматтық және тұрақты даму туралы білімді қалыптастыруға бағытталған 4.7-міндетті іске асыру шеңберінде, әл-Фараби ҚазҰУ Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының хинди және урду тілдері бөлімі ҚР-дағы Үндістан Республикасының Елшілігі жанындағы Алматы қаласындағы Үндістан Өкілдігімен (ROI) бірлесіп ұйымдастырған Хинди тілі мен мәдениетіне арналған салтанатты іс-шараға қатысты.
Мерекелік іс-шара үнді мәдениетіне қызығушылық танытатын қазақстандықтарды, үнді бизнес-қоғамдастығының өкілдерін, студенттер мен оқытушыларды, сондай-ақ Алматы қаласында білім алып, еңбек етіп жүрген Үндістан азаматтарын біріктірді. Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында ҚР-дағы Үндістан Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі И.К. Сайлаш Тхангал мырза, сондай-ақ Үндістанның дипломатиялық өкілдігінің қызметкерлері болды. Іс-шара барысында қатысушылар хинди тілінен білімдерін көрсетіп, қонақтарды Үндістанның бай мәдени мұрасымен таныстырды. Мерекелік бағдарлама аясында хинди тіліндегі өлеңдер оқылып, үнді әндері шырқалды, би қойылымдары мен шағын театрландырылған көріністер ұсынылды.
Қонақтардың ерекше назарын үндітану бөлімінің студенттері – Нұрлан А., Арынова Т., Тукамова А., Ырысбай А., Шакен Ж. және басқа да студенттердің өнер көрсетуі аударды. Олар хинди және урду тілдерін жоғары деңгейде меңгергендерін, сондай-ақ үнді мәдениетіне деген шынайы қызығушылықтарын көрсетті. Іс-шара соңында И.К. Сайлаш Тхангал мырза үндітану бөлімінің студенттері мен оқытушыларына Үндістанға, оның тіліне, мәдениеті мен дәстүрлеріне деген қызығушылықтары мен сүйіспеншіліктері үшін жылы лебізін білдіріп, алғысын жеткізді. Іс-шараға қатысушылардың барлығына сертификаттар мен естелік сыйлықтар табысталды.
Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының хинди және урду тілдері бөлімі үшін Үндістан тарапының өкілдерімен бірлескен мәдени-білім беру іс-шараларын өткізу игі дәстүрге айналды. Мұндай кездесулер студенттердің тілдік құзыреттерін дамытуға, Қазақстан мен Үндістан арасындағы академиялық және мәдени байланыстарды нығайтуға, сондай-ақ мәдениетаралық қарым-қатынас кеңістігін қалыптастыруға ықпал етеді.
Таяу Шығыс кафедрасының аға оқытушысы Искакова З.Е.
Басқа жаңалықтар