- Басты бет
- Жаңалықтар
- Urumqi Summer Camp 2026: халықаралық тәжірибе және жасанды интеллект саласындағы жаңа жобалар
Urumqi Summer Camp 2026: халықаралық тәжірибе және жасанды интеллект саласындағы жаңа жобалар
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Механика-математика факультетінің «Робототехникалық жүйелер» білім беру бағдарламасының 1-курс докторанты Заурбеков Азамат және 1-курс магистранты Тынымбаев Али Қытайда өткен Urumqi Summer Camp 2026 халықаралық білім беру бағдарламасына қатысты.
Екі аптаға созылған бағдарлама барысында қатысушылар жасанды интеллект, компьютерлік көру, терең оқыту, бейнелерді тану және табиғи тілді өңдеу бағыттары бойынша білімдерін жетілдіріп, халықаралық командалар құрамында практикалық жобалар әзірледі. Жұмыс идеяны қалыптастыру мен зерттеу міндеттерін анықтаудан бастап, нақты жұмыс істейтін прототиптерді әзірлеу және оларды таныстыру кезеңдеріне дейін қамтыды.
Бағдарлама аясында бірнеше маңызды жоба жүзеге асырылды. Offline Handwritten Signature Verification using HTCSigNet жобасында metric learning, компьютерлік көру және белгілерді локалды сәйкестендіру әдістерін пайдалана отырып, қолжазба қолтаңбаларды офлайн режимде тексеруге арналған жүйе әзірленді.
Logistics Copilot Workbench жобасы Қазақстанның логистика саласына қатысты білімдермен жұмыс істеуге және пайдаланушыларға бірнеше тілде ақпараттық қолдау көрсетуге бағытталған интеллектуалды көмекшіні әзірлеуді көздеді.
Сонымен қатар Tilmash жобасы аясында интернет желісіне тұрақты қосылуды қажет етпейтін қазақша ↔️ қытайша офлайн-аудармашы әзірленді. Бұл жоба Қазақстан мен Қытай арасындағы тілдік коммуникацияны жеңілдетуге бағытталған практикалық шешімдердің бірі болды.
Халықаралық бағдарлама қатысушыларға заманауи цифрлық технологияларды тәжірибеде қолдануға, командалық жобалау дағдыларын дамытуға, ғылыми идеяларды жұмыс прототипіне айналдыруға және жобаларды халықаралық академиялық ортада таныстыруға мүмкіндік берді. Сондай-ақ түрлі елдердің студенттері мен оқытушылары арасында білім және тәжірибе алмасуға жағдай жасалды.
Аталған іс-шара БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарымен сабақтасып, ЦУР 4 – «Сапалы білім», ЦУР 9 – «Индустрия, инновациялар және инфрақұрылым» және ЦУР 17 – «Тұрақты даму мақсаттарындағы әріптестік» бағыттарын жүзеге асыруға үлес қосады.
Мұндай халықаралық бағдарламалар білім алушылардың зерттеушілік және кәсіби құзыреттерін арттырып қана қоймай, университеттің халықаралық академиялық байланыстарын кеңейтуге, жасанды интеллект пен робототехника саласындағы жаңа жобаларды дамытуға мүмкіндік береді.
ЦУР 4 | ЦУР 9 | ЦУР 17





Автор: Әлеуметтік-тәрбие жұмысы жөніндегі декан орынбасары PhD, асистент-профессор Б.И. Ахметова
Басқа жаңалықтар