Алматыда академик Шахбаз Әлімгерейұлы Ершинге арналған естелік тақта ашылды — ҚазҰУ

Алматыда академик Шахбаз Әлімгерейұлы Ершинге арналған естелік тақта ашылды

30 қыркүйек 2026
Алматыда академик Шахбаз Әлімгерейұлы Ершинге арналған естелік тақта ашылды

2026 жылғы 26 қыркүйекте Алматы қаласында көрнекті ғалым, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері, академик, профессор Шахбаз Әлімгерейұлы Ершиннің өмірінің соңғы жылдары тұрған үйіне естелік тақта орнатылып, салтанатты ашылу рәсімі өтті. Тағылымды шара ғалымның туғанына 100 жыл толуы қарсаңында ұйымдастырылды.
Салтанатты жиынға академиктің жұбайы, балалары мен туған-туыстары, әріптестері, шәкірттері, ғылыми қауымдастық өкілдері, сондай-ақ әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің басшылығы мен профессор-оқытушылар құрамы қатысты.
Іс-шарада әл-Фараби атындағы ҚазҰУ басшылығының атынан ғылым және инновациялық қызмет жөніндегі проректор Марғұлан Қасенұлы Ибраимов құттықтау сөз сөйлеп, Шахбаз Әлімгерейұлының университеттің ғылым тарихындағы айрықша орнына тоқталды.
Өз сөзінде проректор ғалымның ғылыми-педагогикалық қызметі әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-мен тығыз байланысты болғанын атап өтті. Ол механика, жылуфизика, гидроаэродинамика, сұйықтар мен газдар механикасы салаларының дамуына, сондай-ақ мұнай-газ өнеркәсібінің өзекті мәселелерін шешуге зор үлес қосты.
Шахбаз Әлімгерейұлының ғылыми мұрасы 300-ден астам ғылыми еңбекті қамтиды. Оның ғылыми жетекшілігімен 29 кандидаттық диссертация қорғалып, шәкірттерінің бесеуі ғылым докторы атанды. Сонымен қатар, 1978 жылы оның бастамасымен құрылған Тұтас орта механикасы кафедрасы бүгінгі күні де еліміздің жетекші ғылыми-білім беру орталықтарының бірі болып табылады.
Шара барысында академиктің ұзақ жылдар бірге қызмет атқарған әріптестері – профессорлар З.А. Мансұров, Ғ.Б. Шериязданов, Ә.А. Темірғалиев, сондай-ақ шәкірттері Ұ.К. Жапбасбаев, А. Қалтаев, А.Қ.Тулешов және басқа да ізбасарлары сөз сөйлеп, ұстаз туралы жүрекжарды естеліктерімен бөлісті. Олар Шахбаз Әлімгерейұлын терең білімді ғалым, білікті ұстаз, талапшыл тәлімгер әрі адамгершілігі мол тұлға ретінде еске алды.
Естелік тақтаның ашылуы – ғалымның Қазақстан ғылымының дамуына қосқан өлшеусіз үлесіне көрсетілген зор құрметтің белгісі. Академик Шахбаз Әлімгерейұлы Ершиннің ғылыми мұрасы мен қалыптастырған ғылыми мектебі әлі де талай буын жас ғалымдарға бағыт-бағдар беріп, ел ғылымының өркендеуіне қызмет ете беретіні сөзсіз.
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті ұлттық ғылымның дамуына өлшеусіз үлес қосқан көрнекті ғалымдардың есімін ұлықтап, олардың бай мұрасын кейінгі ұрпаққа насихаттау дәстүрін жалғастыра береді.

Автор:Туралина Динара Елеусизовна, механика кафедрасының ассистент-профессоры